387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шалқар көлі туристер қабылдауға қаншалықты дайын?

  • 305
  • UPD: 20:10, 19.07.2019

Туризмді дамытуда нақты нәтижелер керек.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына осындай міндет қойып отыр. Біздің тілшілер Солтүстік Қазақстан облысындағы туристік әлеуеті бар шағын шипажайлардың бірінде болып, ондағы проблемалармен танысып қайтты.

Жасын Біркенов, тілші:

– Шалқар көлі деген міне осы. Тарихы тұмған мекен бұл. Жалпы Айыртау ауданында туған Ақан сері, Үкілі Ыбырай осы Шалқар көлінен шабыт алса керек. Ал Қарасай мен Ағынтай батырлар осы жерде жарасын жазып, сауыққан деседі, білетіндер.

Нұр-Сұлтан мен Шалқардың ортасы – 400 шақырым. Алыс болып көрінгенімен, жердің қашықтығы қажытпайды. Демалыс аймағына дейін жаңа жол төселген. Бірақ туристік базаларды жалғайтын жолдардың тозығы жеткен.

Моп-мамақан, көгілдір көлдің жағасында етпетінен тізіліп жатқан туристер санын арттыру үшін мұндағы жерді көріктендіру де керек. Абаттандырылмаған жағажайлар демалыстың шырқын бұзуы мүмкін. Енді бұл жұмыстар келер жылдан мықтап қолға алынбақ.

Аманбек Махметов, Айыртау ауданы туризм бөлімінің басшысы:

– 2018 жылы жолдарды дұрыстауға 3 млрд теңге бөлінді. 2019 жылы 2,5 млрд қаражат қарастырылған. Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар демалыс орталығы Қазақстан бойынша туристік әлеуеті жоғары топ-10-ға кірді. Онда үлкен жоспар дайындалып жатыр. 2025 жылға дейін 56 іс-шара. Соның ішінде 26 млрд теңге қарастырылған. Барлық іс-шара іске асса, бүкіл жағдайлар жасалады деп білемін.

Шалқарға негізінен дертке дауа іздеп, рухани күш жинап қайту үшін келеді. Көл суы радикулит, артрит, тері ауруларына шипа болып, адам денсаулығына жағымды әсер етеді. Сондықтан бұл жердің туристік әлеуетін арттыру маңызды, дейді мамандар.

Авторлары: Ж.Біркенов және Сергей Селищев

Хабар 24 телеарнасы