386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраулық болашақ мұнайқұбыршылар өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр

  • 196
  • UPD: 21:55, 19.07.2019

Атыраулық студенттер «Қазтрансойл» АҚ өндірістік кәсіпорындарында ақысы төленетін тәжірибеден өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл Атырау мұнай құбыры басқармасында акционерлік қоғам басшылығы жергілікті оқу орындары мен студенттерді компанияның өндірістік нысандарында тәжірибеден өткізу мақсатында келісімге келген болатын.

Осының арқасында студент-жастар жазғы демалысты пайдалы өткізетін болды.

Мұнай-газ университетінің студенті Абай Нағиев келесі жылы диплом алады. Ал болашақ жас маман үшін мынадай алып кәсіпорында тәжірибеден өту таптырмайтын олжа әрі жұмысқа орналасуына біртабан жақындата түседі. Өндірістік тәжірибеге еліміз бойынша профильді университеттер мен колледждер енгізіліп отыр.

Абай Нағиев, Атырау мұнай-газ университетінің студенті:

– Мұнай айдау станциясында көптеген жұмыспен танысып жатырмыз. Университетте теориялық білімді алғаннан кейін оны практикамен бекіту осы кәсіпорында болып жатыр. Көптеген мұнайдың агрегаттарымен танысып жатырмыз. Осы «Қазтрансойл» АҚ алғысымыз шексіз.

Биыл «Қазтрансойл» АҚ-ның Атырау облысындағы өндірістік нысандарында 117 студент тәжірибеден өтеді. Атап айту қажет, компания университет студенттеріне 100-120 мың, ал колледж студенттеріне 70-80 мың теңгеден шәкіртақы төлейді. Оған қоса тасымал, арнайы киіммен қамту, тамақтандыруды да өз мойындарына алып отыр.

Нариман Егінбаев, АМҚБ, Т.Қасымов атындағы мұнай айдау стансасының бастығы:

– Практика басталғалы үш аптадай уақыт өтті, студенттердің өндіріске деген құлшынысын байқадық. Бәрінің де ынтасы, үйренсем, білсем деген ниеттері бар. Студенттердің алғашқы қадамдары да жаман емес, енді біз олардың болашақта еліміздің мұнай тасымалдау саласының майталман мамандары болатынына кәміл сенеміз. 

Биыл еліміздің 12 облысынан 433 студент ««Қазтрансойл» АҚ-ның» филиалдарында өндірістік тәжірибеден өтеді. Компанияның Жастар жылына орай арнайы «Жол картасы» қабылданып, жоба алдағы бес жыл, яғни 2023 жылға дейін жоспарланып отыр. 

Авторлары: Бекен Әлирахым,  Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы