386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚТЖ үздіксіз астық тасымалдау сервисін кеңейтеді

  • 224
  • UPD: 21:55, 19.07.2019

Биыл астық тасымалдау көлемі артады деп күтілуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған орай «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы астықты тоқтаусыз тасымалдауды қамтамасыз ету шараларын алдын ала қолға алды. Бүгін осы мәселеге арналған кеңейтілген отырыс өткізді.

Астық тасымалдауда ешқандай түйткіл жайттар орын алмауы тиіс. Яғни дәнді дақылдар болсын, ұн болсын үздіксіз жөнелтілуі қажет. «Қазақстан темір жолы» компаниясын осы мәселе толғандырады. Сондықтан жиында дәл осы тақырып жан-жақты талқыланды. Кеңес аграрлық кәсіпорын басшылары мен астық тасымалдаумен айналысатын мекеме өкілдерінің басын қосты. Мұндай жиындар еліміздің өзге өңірлерінде де өткен.

Қанат Әлмағамбетов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы бірінші орынбасарының м.а:

– «Қазақстан темір жолы» біздің еншілес компанияларымыз, вагон иелері қатысатын басқа да құрылымдар, астық тасымалының ірі операторы «Астық транс» өнім тасымалдауға дайын екенін атап өтті. Жыл сайын олар өз қызметін жақсартып жатыр. Бүгін біз мұны тағы байқадық. Яғни астықты тоқтатпай тасымалдау бірнеше тарапқа қатысты. Жұмыла істегенде ғана нәтижелі іс болады.

Биыл жарты жылдың өзінде 5 жарым млн тоннаға жуық астық тиелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 процентке артық. Ал экспорт көлемі 5 процентке көбейген. Негізінен өнім Орталық Азия, Балтық жағалауы Ресей, Қытай, Ауғанстан сияқты елдерге жеткізіледі.

Рустам Жақтаев, жүк жөнелтуші:

– «Қазақстан темір жолы» бізге жазғы кезеңде бірқатар жеңілдік жасайды. Біз үшін бұл өте маңызды. Өткен жылы үлкен көлемде астық жөнелттік. Қазір астықты жазда тасымалдаймыз. Бұл орайда жеңілдетілген тариф бізге өте ыңғайлы. Оған қуаныштымыз.

Қыркүйек айынан бастап, Өзбекстан мен Тәжікстанға астық бағыты құрылатын болады. Бұл жүкті жеткізуді жылдамдатып, вагон айналымын екі есеге қысқартады.

Хабар 24 телеарнасы