386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да халық асар әдісімен баспана тұрғызып жатыр

  • 196
  • UPD: 22:14, 20.07.2019

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында асар әдісімен баспаналар салынуда.

Игі шараны «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры ұйымдастырып отыр. Жаңа үйлер көпбалалы мұқтаж отбасыларға беріледі. Жалпы жыл басынан бері бюджеттен тыс қаражатқа аудандағы 27 отбасына баспана кілттері табысталыпты.

Мұнан өзге мектеп жабдықтары, киім-кешек, азық-түлік сияқты көмектер де жан-жақты көрсетіліп жатыр. Жаңа үйлер қашан пайдалануға беріледі, ол туралы осы облыстағы меншікті тілшіміз Болат Көкенайұлы әңгімелейді.

Бұл ізгі ниеттен туған қайырымды іс былтыр бастау алған. Бір топ белсенді жас Асар әдісімен баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасына үй салып берген еді. Ал биыл осы бастамаға өзге де мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар қолдау білдіруде. Бұл жерде жалпы аумағы 100 шаршы метрден асатын 3 бөлмелі қос пәтер болады.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Көп түкірсе көл. Игілікті шарадан тарбағатайлықтар тыс қалып жатқан жоқ. Бірі қаржылай ақша аударса, екіншісі құрылыс материалдарын әкелуде, ал үшіншісі міне, осылай білек күшімен көмектесіп жатыр. Біз де осы сауапты шаруадан тыс қалмайық деп өзіміздің телеарнаның атынан тамшыдай болсын үлес қосуды жөн санадық.

Серікқазы Сәдуақасов, тарбағатай ауданының әкімі:

- Осы айдың аяғына дейін мына үйді түгелін қойғызып, келесі айда қыркүйектің біріне дейін бітіріп береміз. 2 отбасы осынгда білеміз, белгілі. Комиссия қоғамдық кеңес пен әйелдер кеңесі, ақсақалдар кеңесі түгеліміз ақылдасып, осы 2 адамға бөлгенбіз. Үлкен кісілердің көбі келіп осында малдарын сойып, одан кейін тамақтарын беріп, шәйларын беріп тәтелеріміз үлкен көмегін жасап жатыр. Мынау халықтың бірлігі.

Ал Айман Марқабаева болса жақында кілтін алған жаңа баспанасына өз қалауынша күрделі жөндеу жасап жатыр. 4 баланың анасы бұған дейін пәтер жалдап қиналғанын айтады. Жаңа үйде әр баланың лайықты өмір сүруіне барлық жағдай қарастырылған.

Айман Марқабаева, көп балалы ана:

- 21 мың теңге әр баланың басына тағайындалған сол ақшаны алып жатырмыз. Және мектептегі оқу жабдықтары, киім кешектер, мектеп формасы бәрі тегін беріліп жатыр. Ауыл әкімшілігінен де үлкен көмек бар, отынмен қамтамасыз етеді, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сонымен көмек көрсетіп жатыр. 

Сәуір айының біріне дейін ауданда 566 ана атаулы әлеуметтік көмек алып келсе, қазір олардың саны 2 есе көбейген. Оларға жәрдемақы төлеу үшін қазынадан 119 миллион теңге бөлінген. Ал Асар әдісімен салынатын үйлер басқа да ауылдарда жалғасын табады дейді атқарушы билік өкілдері. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы