386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда 11 мыңға жуық адам жұмыссыз жүр

  • 185
  • UPD: 16:37, 21.07.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықты еңбекпен қамту мәселесін сынға алған болатын.

Мәселен, Алматы қаласының өзінде бүгінде 11 мыңға жуық жұмыссыз тіркелген. Алайда шын ниеттенген адамға еңбек нарығына икемделіп, жұмыс табуға болады, дейді сарапшылар.

Бұл әлеуметтік шеберханада түрмеде жазасын өтеп келген азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс жасайды. Олар керемет жиһаздар мен күнделікті тұрмысқа қажетті дүниелерді шығарады. Зейнет жасына жақындап қалған Нұрсұлтан Әшімов те нәпақасын осы жерден тауып жүр.

Нұрсапа Әшімов, ағаш шебері:

– Мен біраз уақыт жұмыссыз жүрдім. Сосын бұлай қол кусырып отыра беруге болмас деп, жұмыспен қамту орталығына келіп тіркелдім. Маған осы шеберханадан жұмыс ұсынды. Әрине бастапқыда үйреніп кету оңай болмады. Бірақ қазір көңілім толады.

Жоғарғы оқу орнын инженер-технолог мамандығы бойынша тәмәмдаған Батырхан Асанбай да, біраз уақыт өз саласы бойынша жұмыс таппай сандалғанын айтады. Оның еліміздегі ірі мекемелердің бірі- Алматы машина жасау зауытына жұмысқа тұрғанына екі-ақ апта болыпты.

Батырхан Асанбай, шебер:

– Екі аптада үлкен қиындықтар болды. Өйткені барлығы жаңа. Осы уақытқа дейін үлкен тәжірибе жинадым. Айлық та жақсы. Аллаға шүкір, бұл жақта зауыт үлкен жағдай жасаған жұмысшыларға. Фитнес те бар. Асхана да бар.

Ірі зауыт осы жылдың өзінде 200-ден астам адамға жаңа жұмыс орнын ұсынған. Жастардың көптеп келе бастауына байланысты басшылар зейнетке шыққан жұмысшыларды оқыту процессіне қатыстырып отыр. Яғни олар жастармен өз тәжірбиесімен бөліседі.

Шухрад Шардинов, зауыт директоры:

– Қазір біз 50 адамды жұмысқа алуды дайынбыз. Себебі қалыпшы, электрмен дәнекерлеуші, темірмен жұмыс істейтін мамандар жетіспейді.

Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері де елімізде көпшілік бара бермейтін осындай мамандықтар тапшы екенін айтады. Қазір Алматы қаласы бойынша тіркелген жұмссыздар саны 11мыңнан асады. Осы жылдың өзінде орталыққа 31 мыңнан астам адам жұмыс іздеп келген. 

Айбек Әлишарипов, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

– Қазір барлық мекеме сандық жүйеге көшкен. Яғни жұмыс беруші үміткердің компьютер мен шет тілдерді еркін меңгергенін қалайды. Сондықтан біз 35 пен 60 жас арасындағы азаматтарды қайта оқытып, оларға басқа жұмыс ұсынамыз. 

Сондықтан қазіргі кезде жұмыс жоқ деп қарап отырмай, нарық талабына сай икемделіп, өзіңді дәлелдеуің керек, дейді жұмыспен қамту орталығының мамандары.

Авторлары: Алуа Маханбет, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы