386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысындағы 69 елді мекен өзін-өзі басқаруға көшті

  • 168
  • UPD: 17:52, 21.07.2019

Бұдан шыққан нәтиже көз қуантады.

Мәселен, жыл басынан бері олардан бір млрд теңгеден астам салық түсімдері түскен. Бүгінде бір ғана Жақсы ауданындағы үш ауылдық округке төртінші деңгейлі бюджет жүйесі енгізіліп отыр.

Жаңаақима ауылдық округінде үш мыңға жуық халық тұрады. Өзін-өзі басқару жүйесі енгізілгелі бері елді мекеннің келбеті түзеліп, халықтың тұрмысы жақсарған. Бұған қолда бар бюджетті жаратуға қатысты барлық сұрақты әкімнің тұрғындармен бірлесе шешуі себеп.

Айнур Әлиева, ауыл тұрғыны:

– Ауыл тұрғындары салған салықтар ауыл жағдайына жұмсалып жатыр. Сонымен қоса жол жөндеу жұмыстары ғана емес, тағы да көптеген жұмыстар жасалды. Ауылдың жергілікті бюджет салықпен жиналғаны дұрыс деп ойлаймын және де алдағы уақытта салықтар төленіп, сол салықтар ауылдың жағдайына көмектесер деймін.

Биыл жергілікті бюджет есебінен екі көлік жолы жөнделіп, тағы үш көшеге озық үлгідегі шамдар ілінді. Енді орталық саябақты жөндеу жұмыстары күн тәртібінде тұр. Елді мекен әкімінің айтуынша, халықтан түсетін салық түсімдерін мақсатты жұмсау ауыл инфрақұрылымын жаңартуға жол ашқан.

Ерлан Сыздықпаев, Жаңақима ауылдық округінің әкімі:

– Осы жылға мақұлданған бюджет көлемі 26 млн теңгеден асады. Оның 9 млн-дайы алты түрлі салық түсімдерінен жиналады. Аудандық бюджеттен белгіленген 12 млн субвенция қаржымыз тағы бар. Бүгінде қолымызда бар қаражатың басым бөлігін ауыл инфрақұрылымын жақсатуға жұмсап жатырмыз.

Келер жылдан бастап республика бойынша селолық округтер жаппай өзін-өзі басқару жүйесіне көшеді. Мұнан бөлек жергілікті бюджеттерге шағын және орта бизнес саласынан жиналатын салық түсімдері түсе бастайды. Бұл өз кезегінде ауылдың ажарын кіргізіп, халықтың әл-ауқатының артуына тың серпін берері сөзсіз.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы