389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Студенттерге жатақхана салған инвесторға қазынадан қосымша қаржы аударылады

  • 375
  • UPD: 20:30, 21.07.2019

Қазақстанда 90 мыңнан аса студент жатақханаға мұқтаж және бұл көрсеткіш жыл өткен сайын артып келеді.

Осыған байланысты мемлекет жаңа жобаны қолға алды. Яғни студенттерге баспана салып берген инвесторға қазынадан қосымша қаржы аударылады. Қолданыстағы жатақхананы жөндегендер үшін де ынталандыру тетігі қарастырылған.

Жаңа бағдарламаның арқасында елімізде 75 мың студентке арналған жатақханалар бой көтереді деп жоспарланып отыр. Бұл жерде үкіметтің де, инвестордың да мүдделері бір жерде тоғысады. Яғни құрылыстың басы-қасында жүргендер әр орын үшін 122 АЭК-ке тең ақы алады. Ал егер қолданыстағы ғимаратты жөндеуден өткізсе 47 АЭК тағы бар.

Айта кету керек, төлем уақыты 8 жылды құрайды. Бұған қоса жатақхананы жалға беруден түскен қаржы да инвестор қалтасына құйылады. Тіпті оларға сол жерден асхана, дүкен не шаштараз сияқты коммерциялық нысандар ашуға да рұқсат беріліп отыр.

Алпамыс Айдарұлы, ҚР БҒМ қаржы орталығының менеджері:

– Жеке кәсіпкер 500 орындық жатақхана салуға келісті делік. Биыл құрылысы басталып, келесі жылы аяқталады. 2020 жылға дейін бір АЭК 2613 теңге екенін ескеріп, оны 122-ге көбейтеміз. Яғни әр орын үшін үкімет 318 мың теңге береді. Сөз басында жатақхананың 500 орындық екенін айттық. Сәйкесінше қолда бар қаржыны 500-ге көбейтіп, 159 миллион теңге деген көрсеткіш аламыз. Төлем уақыты – 8 жыл. Яғни осы аралықта бас-аяғы 1 миллиард 280 миллион теңге төленеді.

«Сөз жүзінде бәрі керемет сияқты. Бірақ іске келгенде біраз мәселе бар», – дейді мамандар. Мысалы, Солтүстік Қазақстандағы жалғыз университетте 7 мыңнан аса адам білім алып жатыр. Ал жатақхананың саны үшеу. Яғни қалған мыңдаған студент пәтер жалдауға мәжбүр. Жағдайды сәл де болса жақсарту үшін 1200 орындық студенттер үйінің жобасы жасалған. Құны 4 миллиард теңгені құрайды. Тіпті әкімдік осы мақсатта апатты үйлерді сүріп, босаған жерді беруге дайын. Ендігі мәселе – инвестор табу. Жоба отандық және шетелдік қалталы азаматтарға таныстырылды. Бірақ әзірге ешқайсысы білек сыбана кірісуге асықпайды.

Ербол Исакаев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:

– Жобаның құны шамамен 4,3 миллиард теңге. Ал инвестор 8 жыл ішінде мемлекеттен 2,9 миллиард теңге алады. Яғни тағы 1,1, миллиард теңгесі қайтпай тұр. Сондықтан біз оған төменгі қабаттардан асхана, кір жуу орны, жаттығу залы, дүкен сияқты коммерциялық нысандар ашуды ұсынып отырмыз. Осы жағдайда ол инвестициясын толық ақтай алады.

Қазіргі санитарлық талап бойынша жатақханаларда әр студентке 6 шаршы метр бөлінуі керек. Бірақ университет өкілдері қалыптасқан жағдайды ескеріп, көрсеткішті 4 шаршы метрге дейін төмендетіп көрмек. Бұл бастама жатақхана құрылысының инвестициялық тартымдылығын арттырарына сенімді. Осылайша бағдарлама іске қосылған 8 айдың ішінде 28 келісім жасалған. Биылдың өзінде 4700 орындық жатақханалар құрылысына келісімдер бекітілді. Жаңа бағдарлама студенттердің баспана мәселесін шешумен қатар жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына да серпін береді.

Авторлары: Аслан Қаженов, Татьяна Ковалёва, Нургуль Ахметова, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы