386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертіс өңірінде жол бойында заманауи қызмет көрсету нысандарының желісі пайда болады

  • 153
  • UPD: 23:52, 21.07.2019

Ертіс өңірінде халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың бойында заманауи қызмет көрсету нысандарының желісі пайда болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде инвесторлар қаржы құюға ниетті. Осылайша жол бойында жаңа инфрақұрылымдық нысандар мен тамақтану орындары бой көтермек.

Баянауыл ауданының тұрғыны Гүлнар Тоқпанова Жасыбай демалыс аумағында пиццерия ашты. Осы тектес нысан курорттық жерде бұрын-соңды болмапты. Демалушылар кәсіпкер ұсынатын ас мәзіріне дән риза.

Рахим Батабаев, аспаз:

– Демалушылар отбасымен келеді. Көбінесе тез әзірленетін тағамдарды сұрайды. Ал сұранысты өтеу – біздің мақсат. Ас мәзірі туристердің көңілінен шығып жатыр.

Бұл пиццерия тек демалыс маусымында жұмыс істейді. Кәсіпкер осымен шектелмейді. Алдағы уақытта Павлодар-Нұр-Сұлтан жолының бойында алғашқы кэмпинг ашпақ. Кешен құрамында дәмхана, қонақүй, көліктерге техникалық қызмет көрсету станциясы және шағын дәріхана болады.

Гүлнар Тоқпанова, кәсіпкер:

– Сұраныс болғандықтан, франшиза алып, тамақтану орнын аштық. Өзім Баян өңірінің тумасымын. Отандық туризмнің дамуына үлесімді қосқым келеді. Сондықтан қаржы бөліп, еңбектеніп жатқан жайым бар. Ал жаңа жобаға 50 млн теңге бөлуді көздеп отырмын. Мемлекеттік бағдарламаға қатысу да ойда бар.

Ал Павлодар-Новосібір тас жолының бойында жаңа нысанның құрылысы басталып кетті. Кәсіпкер Қуаныш Әбенов жобасын жүзеге асыруға 40 млн теңге бөлген. Алдымен 80 адамға шақталған дәимхана, кейін шағын қонақүй салынбақ.

Қуаныш Әбенов, кәсіпкер:

– Ғимараттың ішінде жылы дәретханалар орналастырылады. Ал бұл жерде үлкен бөлме мен шағын бөлмелер пайда болады. Ал асхананы осы жерде орналастырамыз. Ас осы жерде әзірленеді.

Нысан құрылысы 70%-ке аяқталды. Кәсіпкер жергілікті билікке инженерлік инфрақұрылымды тарту бойынша өтініш білдірген. Кешенге апаратын жол қажет. Жергілікті әкімдік дәл осындай шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған жаңа жобаларға қолдау көрсетпек.

Ерлан Айтмакушев, Өспен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Дәмхана республикалық жолдың бойында орналасқан. Яғни тиімділігі жоғары. 20 жаңа жұмыс орны ашылып, халыққа сапалы қызмет көрсетіледі. Осы тектес нысандар үшін бірнеше жер учаскесін дайындап қойдық.

Бүгінде тас жолдардың бойында тағы бірнеше нысан салынып жатыр. Істерін дөңгелетемін деушілер жер учаскелерін бәссауда арқылы ала алады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Самат Оспанов

Хабар 24 телеарнасы