386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында ауылды таңдаған әрбір жас дәрігер 1,5 млн теңгеден алады

  • 139
  • UPD: 09:04, 22.07.2019

Қостанай облысында жас дәрігерлер үшін берілетін көтермеақы 10 есеге өсті. Ынталандырудың мұндай түрі кадр тапшылығын шешуге септігін тигізеді екен.

Қазір өңір бойынша 360 дәрігер және 600 орта медициналық қызметкер жетіспейді. Бұл проблема ауыл-аймақтардан бөлек, қалаларға да тән. 

Жамбыл облысының тумасы Айғаным Жанаева екі бөлмелі пәтерге «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен қол жеткізді. Екі жыл бұрын елордадағы медициналық университетті бітіргенде оны жұмысқа шақырып, өтініш білдірген өңірлер аз болған жоқ. Дегенмен, жас маман еңбек жолын Тобыл өңірінен бастаған. Қазір аудандық ауруханада терапевт боп істейді.   

Айғаным Жанаева, терапевт-дәрігер:

- Бұл жерде мен екі бөлмелі пәтер алдым және ақшалай жәрдемақы алдым 168 мың теңге көлемінде. Маған бұл жерде ұнайды. Өйткені әріптестерім өзім секілді жас. Мен келген менімен бірге уақытта жеті-тоғыз дәрігер келді.

Соңғы үш жылда Меңдіқара ауданына республиканың әр өңірінен 15 жас дәрігер келіпті. Осылайша ауруханадағы кадр жетіспеушілігі толық шешімін тапқан. Жақын арада емдеу мекемесі тағы бес маманмен толығады.

Марина Гизбрехт, Меңдіқара аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Жыл сайын республикалық деңгейде өтетін бос орындар жәрмеңкесіне қатысамыз. Өзімізге қажетті мамандарды іріктеп аламыз. Қазір ауруханада Петропавл, Шымкент, Семей, Өскеменнен келген түрлі саладағы дәрігерлер бар.

Облыстағы денсаулық сақтау жүйесінде 360 дәрігер жетіспейді. Мамандарға Ұзынкөл, Жітіқара және Қамысты аудандары зәру. Биыл жағдай түбегейлі өзгермек. Министрліктің ұйғарымымен аймаққа 267 жас медицина қызметкері келеді. Ал ауылға баратын дәрігерлер үшін көтермеақы он есеге дейін артқан.

Вячеслав Дудник, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Жергілікті билік заң шеңберінде ауылға баратындар үшін көтермеақы төлеуге құқылы. Алайда қалада жұмыс істейтін дәрігерлерге жергілікті қазынадан көтермеақы беру туралы ешқандай заңнамалық актісі жоқ. Негізі ондай қажеттілік бар. Сондықтан қаражатты бюджеттен тыс өзіміз төлеуге мәжбүрміз. Үкімет осы мәселе тұрғысында заңды жетілдірсе. 

Биыл ауылдық жерлерді таңдаған дәрігерлерге облыстық бюджеттен 135 млн теңге қарастырылған. Әр жас маман 1,5 млн теңгеден алады. Тағы 100 миллион теңге қалаға келгендер үшін бөлінеді. Көтермеақығы жастармен қатар тәжірибелі дәрігерлер де қол жеткізеді.   

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы