386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында еңбек жолын ауылдан бастаған мамандарға жағдай жасалған

  • 302
  • UPD: 12:25, 22.07.2019

Ақтөбе облысында еңбек жолын елді мекеннен бастаған жас мамандарға жағдай жасау жалғасып келеді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске асқалы он жыл ішінде 5 300-ден астам мамандық иесі тұрақты жұмыс, баспана, көтерме ақымен қамтылған.

Дегенмен ауылдың түрлі саласына әлі де білікті кадр қажет.

Мәдина Серікова ұстаздық қызметін ауылдан бастағанына риза. Себебі университет бітірген соң жұмыс іздеп, көп жүрмеді. Облыс орталығынан 50 шақырым жердегі Желтауға келіп, мұғалім болды. Қызмет бабымен осында ауысқан жас маманмен бас қосып, бірге шаңырақ көтерді. Осыдан бір апта бұрын жайлы баспанаға да қол жеткізген олар, ауылды түлетуге үлес қоспақ армандары бар.

Мәдина Серікова, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Осындай бағдарламаның бар екенін естіп, өзімнің құжаттарымды дайындап тапсырдым. Кейін қаралды ол. Ауылда жағдай жақсы. Жалақыда қалаға қарағанда жоғарырақ және де осындай бағдарламалар бар. Жастарға үлкен мүмкіндік бар орналасуына, үйлі болуына.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы өңір бойынша мыңдаған жас маманның бағын ашты. Қазір олар облыс аудандарының білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек етіп жүр. Тек биылдың өзінде 641 жас еңбек жолын елді мекеннен бастамақ. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 млрд теңге көлемінде қаржы қаралған.

Тимур Таджиев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы:

- Бұл бағдарламаға жас та, кәрі де, 40 жастағы адамдар, тәжірибесі бар дәрігерлер, тәжірибесі жоқтар барлығы қатыса алады. Шектеу жоқ. Алты айдың қорытындысы бойынша 481 маман қамтылды. Оның ішінде 174-і тұрғын үй салуға бюджеттік несиелер алды және 307-сі көтерме жәрдемақы алды.

Дегенмен, ауылға әлі де мамандар қажет. Әсіресе, білікті жұмысшы мамандық иелеріне сұраныс жоғары. Соның ішінде, агроном, зоотехник, мал дәрігері, көкөніс өсіруші және физика, математика пәнінің мұғалімдері мен қызмет көрсету саласы мамандары жетіспейді. Маңызды мәселенің шешімін жауапты мекеме басшылары колледж және оқыту орталықтарымен бірлесе таппақ.

Бибігүл Бисенғалиева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

- Оқудың мұндай әдісі бұл кәсіпкерлерге және жұмысберушілерге олар өздерінің өндіріс орындарында өздеріне қажетті мамандарды біліктілік талаптарына сай дайындаудың өте жақсы әдісі болып табылады. Өткен жылы оқыту орталықтарымен дайындалған мамандардың 80 пайыздан астамы жұмысқа орналастырылды. 

Айта кету керек, еңбек нарығындағы сұранысты қамтуда атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Жыл басынан бері 11 мың жұмыс орны пайда болса, оның 28 пайызы ауылдық жерлерде.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы