386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде экологияға заласыз бұйымдарға сұраныс төмен

  • 134
  • UPD: 09:53, 23.07.2019

Экологияға залалы жоқ қағаз қаптамаларды көпшілік қажет етпей отыр. Ақтөбеде ашылған әлеуметтік кәсіпкерлік нысанының жұмысы тұралап қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көру мүшесі нашар жандарды жұмыспен қамтып отырған өндірістің ендігі иек артқаны - «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы.

Экологиялық таза қаптама шығаруды зағип жандар қоғамы өткен жылы қолға алған.

Цех минутына 60 дана дайын тауар шығаруға қауқарлы. Бұл дегенің, Ақтөбені айтпағанда барлық батыс өңірдегі төрт облысты да қамтуға мүмкіндік береді. Бірақ әзірге өндірісте еңбек ететін мүгедек жандар жұмыссыз отыр.

Дәметкен Жолмағамбетова, «Қазақ зағип жандар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС директоры:

- Қазір біз қоймамызды толтырып қойдық. Шикізат та жеткілікті. Тек сұраныс жоқтың қасы. Қазақстанның барлық өңірлерімен байланыстамыз. Бірақ әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдап, тауар сатып алуға ниет білдірушілер жоқ.

«Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға мүмкіндік беретін сертификатқа әзірге Ақтөбеде тек екі кәсіпорын ғана қол жеткізген. Соның бірі зағиптар қоғамы. Бұған қарамастан мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отырған тігін цехі де тұралап қалған. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы өкілдері бұл мәселемен таныс. Алайда экологиялық таза өнімдердің құны полиэтилен үлгісіне қарағанда қымбат екендігін алға тартты.

Дидар Боранқұлов, «Атаменкен» кәсіпкерлер палатасының ақтөбе облыстық филиалының бөлім басшысы:

Неліктен сұраныс болмай отыр? Ол сол өзіндік құны да, сатылатын тауардың құнына белгілі бір деңгейде қымбататуына әкеледі. себебі жаңағы тауар, өнім оның шикізат мәселесі де кейбір жағынан қиын мәселелер болуы мүмкін. Ал, оның қасында полиэтилендік пакеттер біршама арзан және нарыққа әлдеқайда бұрынырақ енген.

Қаржы үнемдеп, қымбат қағаздан бас тарту экологиялық ахуалдың күн санап ушығуына әкеп соғуда. Өзен-көлдердің жағасы тұрмыстық қалдықтар полигонына айналған. 1-2 сағат ішінде ақтөбелік белсенділер екі тоннаға дейін қоқыс жинап үлгереді. Әр жексенбі тазарту жұмыстарына шығатын еріктілер полиэтилен мен пластиктен арыла алмай келеміз дейді.

Әсел Алматқызы, «Таза өзен» еріктілер тобының мүшесі:

Қағаздан жасалған бұйымдар кездеседі. Бірақ олар тез еріп кететіндіктен оларды көп кездестірмейміз. көбінесе полиэтилен пакеттері. Себебі ол жойылу үшін біршама уақытты қажет етеді.

Экологиялық әдепті балалық шақтан қалыптастыруды жергілікті кәсіпкер ұсынып отыр. Алтынбек Қазантаев шаһардың бірнеше жерінде тұрмыстық қалдықтарды қабылдау орнын ашуды көздейді. Әйнек, пластик пен қағазды өз алдына жинайтын болады. Әлемде әдетке айналған бұл үрдіс уақыт өте Қазақстанда да қалыптасатынына сенімді. Бүгінде елімізде қоршаған ортаны қорғауды қауырт қолға алынғандығын ескерсек, көпшіліктің қажет етпей отырған қағаз қаптамаларына сұраныстың ұлғаяр күні де алыс еместігі айқын.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

 

Хабар 24 телеарнасы