385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ембілік мұнайшылар арыстық оқушыларға қайырымдылық жасады

  • 146
  • UPD: 13:36, 23.07.2019

Арыстық балаларға тарту. Атырау облысындағы отандық мұнай өндіруші компания «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері «Арыс. Біз біргеміз» атты республикалық акцияға үн қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұмысшылардың жалақсынан жиналған қаражатқа Арыс қаласындағы әлеуметтік көмекке мұқтаж 400-ден аса оқушыға «Мектепке жол» шарасы аясында қажетті киім кешек пен құрал-жабдықтар алып берді.

Арыс қаласындағы 20 мың мектеп оқушысының 2 мыңға жуығы әлеуметтік көмекке мұқтаж. Солардың арасында бастауыш сыныпта оқитындарына «Ембімұнайгаз» қызметкерлері жаңа оқу жылы қарсаңында қайырымдылық сый жасауды ұйғарыпты. Аяқ киім, сөмке, ақ жейде мен мектеп формасы алғандардың арасында 4-сыныпқа аяқ басқан Бағила Рәжәп та бар. Анасымен келген ол қиын-қыстау кезеңде көмек қолын созған атыраулық мұнайшыларға алғыстарын білдірді.

Бағила Рәжәп, оқушы:

- Бұл киімдерді қыркүйекте мектепке киіп барамын. Сабағымды жақсы оқимын. Бізге форма және папка берген аға-әпкелерімізге көп рахмет айтамын.

Нағима Жаңабаева, Арыс қаласының тұрғыны:

- «Ембімұнайгаз» компаниясы көмек беріп жатыр. Өзім 4 баланың ата-анасымен. Екі балама мектеп формасын берді. Барлығына үлкен рахметімді айтамын.

«Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы мұндай қайырымдылық шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.  Мысалы 2015 жылы қызметкерлердің жалақысынан жиналған қаражатқа мүмкіндігі шектеулі балалары бар 4 отбасының баспанасына күрделі жөндеу жүргізіп берген. Жалғысбасты қария мен көпбалалы отбасыға да пәтер сыйлаған. Енді Арыстағы 400-ден астам балаға жәрдемдесуде.

Ғалия Қаражанова, «Ембімұнайгаз» АҚ өкілі:

- Біздің компания тек қана мұнай өндірумен ғана айналыспайды. Ол өзінің әлеуметтік жауапкершілігін жақсы сезінетін компания. Осындай әлеуметтік көмекті біз тұрақты өткізіп тұрамыз. Бұл «Ембімұнайгаз» АҚ еңбек ететін 5 мыңнан астам адамның жалақылары есебінен жиналған қаражат.

«Ембімұнайгаз» - барлық акциясы Қазақтанға тиесілі ірі компания. Бұл бастама компанияның басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбековтың бастамасымен жасалуда. Осылайша, атыраулық мұнайшылар көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан бастауыш сынып оқушыларын қуантып, Арыс жұртшылығымен бірге екендерін дәлелдеді.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы