386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында ауыл тұрғындары ауыз су тарифін төмендетуді сұрайды

  • 141
  • UPD: 14:18, 23.07.2019

Қостанай облысының Науырзым ауданында орталықтандырылған ауыз су бағасы тым қымбат, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы, Қарамеңді ауылының тұрғындары судың әр текше метріне 334 теңге төлейді. Бұл көрші аудандағы тарифтен он есе жоғары

Екі жыл бұрын үйіне су кіргізілгенде Таңшолпан Оспанованың қуанышында шек болған жоқ. Өркениеттің бір белгісі ауыл жұртының тұрмысын біршама жеңілдеткені хақ. Алайда төлем түбіртегін алған кезде олардың көңілдері су сепкендей басылды.

Таңшолпан Оспанова, Қарамеңді ауылының тұрғыны:

- Судың үйге кіргені ыңғайлы бізге, жақсы барлығы үйге кіріп тұр. Бірақ бағасы біздің қалтамызға сай келмейді. Жағдай төмен отбасыларға ауыр тиеді. Басқа көршілес аудандарда судың бағасы 30 теңге ғана, бізде 334 тенге.

Тіршілік нәрінің құлағын ұстаған жергілікті коммуналды кәсіпорын бастапқыда тұрғындар үшін судың текше метрін 360 теңге деп белгілепті. Сосын монополияға қарсы департамент араласқаннан кейін ғана былтыр күзде 334 тенгеге түсірген. Алайда ауыл халқы үшін бұл сома да ауыр салмақ.

Таңшолпан Оспанова, Қарамеңді ауылының тұрғыны:

- Даладағы біз қаздырған суымыздан көбінесе қолданамыз, сол бізге үнемдірек болады. Бұны біз қазіргі таңда ішуге ғана пайдаланып жатырмыз.

Тариф неден құралады десең, электр қуаты, қызмет көрсету ақысы  дегендей түрлі шығындарды санамалай жөнеледі. Көрші ауданда ол шығындардың бір бөлігі мемлекет есебінен субсидияланады екен. Сондықтан ол жақта су бағасы арзан.

Азамат Әбенов, аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы:

- 2018 жылы субсидиялау жөнінде энергетика басқармасына тапсырыс бердік. Өз кезегінде облыс Ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберді. Енді соның жауабын күтіп отырмыз. Егер өтінішіміз жоғары жақта қолдау тапса, тұрғындар үшін ауыз су тарифі 32 тенге шамасында болуы тиіс.

Жалпы Наурызым ауданында 11 елді мекен бар. «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы бойынша соңғы бес жылда соның үшеуі орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. «Жақында тағы бір ауылға су құбыры тартылуы тиіс. Тек оның бағасы біздің мүмкіндігімізге сай болса», - дейді тұрғындар.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг

 

 

Хабар 24 телеарнасы