386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында жыл басынан бері 630 адам судан құтқарылды

  • 141
  • UPD: 19:42, 23.07.2019

Ақтөбе облысының жағажайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. Себебі тиісті ережені сақтамай, рұқсат етілмеген жерлерде суға шомылу тыйылар емес.

Салдары қайғылы жағдайға әкеп соқтырып жатады. Мәселенің мән-жайын әріптесім Әнуарбек Мырзатайұлы айтып беруге дайын. Өзен-көлдерде неліктен жайсыз жағдайлар тыйылмай отыр? Мамандар не дейді?

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Біз қазір Ақтөбе су қоймасындағы жағажайда тұрмыз. Бұл жаз мезгіліндегі күннің ыстығынан қала тұрғындарының жиі келетін орындарының бірі. Облыста дәл осындай 51 шомылуға арналған жер бар. Оның 39 коммуналдық 12 жеке меншікте.

Барлығы да адамдардың қауіпсіздігін сақтауға баса көңіл бөліп, қажетті құрал-жабдықтармен, бақылау мұнараларымен, қайықтармен қамтылған. Негізгі мәселе өзен-көлдердің бойындағы өзге де орындарда қауіпсіздіктің сақталмауында болып отыр. Себебі биыл суға батып кеткен 13 адамның рұқсат етілмеген жерлерде шомылғаны және мас күйінде түскені анықталған. Адамдардың мұндай әрекеті су жағаларында кезекшілік атқаратын құтқарушыларды алаңдатып отыр. Өйткені, қанша ескерту айтылса да, құлақ аспайтындар бар.

Талғат Тапаев, құтқарушы:

- Ауа райы ыстық болған кезде адамдар көп келеді шомылуға. Сол кезде тыйым салынған орындарға шомылуы адамдардың, көбіне белгіленген аумақтан асып кетуі, көбіне кішкентай балалар ата-ананың қарауынсыз келеді. Солар қиындық тудырады. Ата-аналар кішкентай балаларын алып келіп, өздері мән бермей, қарамай қалған кезде суға кетіп қалып жатады.

Жағажайлардағы қауіпсіздікті сақтау шаралары әрдайым басты назарда. Бұл іске жылдағы дәстүрге сай полиция қызметінің атты жасағы да тартылған болатын. Олар өзен жиектерін аралап жүр. Сондай-ақ, биыл республикада алғаш болып ақтөбелік мұғалімдер де кезекшілік атқаруға кірісті. Негізінен, алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері атсалысуда. Олар бұған дейін тиісті мекеме мамандарынан дәріс алды.

Мұндай қадам суға шомылатын адамдардың амандығын сақтауға мейлінше оң ықпал ету тиіс. Қауіпсіздік шараларының күшейтілу барысын бізге төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов айтып беруге дайын. Ол қазір менің қасымда тұр.

Айта кету керек, шомылу маусымының аяқталуына әлі бір жарым ай уақыт бар. Сондықтан да құтқарушылар өзен-көлге түсетін адамдарға мейлінше сақ болуларын ескертеді. Ал жыл басынан бері 630 ақтөбелік судан құтқарылған.

Хабар 24 телеарнасы