386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада тозығы жеткен үйлер мәселесі қалай шешіліп жатыр?

  • 190
  • UPD: 09:03, 24.07.2019

Нұр-Сұлтанда апатты үйлерді сүру жоспарға сай жүргізілуде ме?

Ескі баспаналардың тұрғындары осыған алаңдаулы. Жыл соңына дейін олар әкімдік уәде еткен жаңа үйлерге көше ала ма?

Тұрғындар әбден тозығы жеткен үйді қайта-қайта жөндеп мезі болған. Мұндағы жұртшылық қабырғасы қақыраған шатыры-шұрық-тесік баспананы енді өз күшімізбен жасау мүмкін емес, деп отыр. Бұл – елорданың Ойыл көшесіндегі нөмірі 19-үйдегі көрініс.

Наталья Бойко, қала тұрғыны:

– Өткен жылы әкімдік өкілдерін шақыртқанбыз. Олар құбырларды ауыстыру үшін бір жарым млн теңге қажет екендігін айтты. Бізде бар жоғы 12 пәтер ғана, барлығы зейнеткерлер. Ондай ақша қайдан болсын. Бізге осы жылы үй сүріледі деген. Соны тосқаннан басқа амал жоқ.

Аталған нысан апатты тұрғын үйлерді бұзу бағдарламасына кірген. Кесте бойынша осы жылы сүрілуі тиіс еді. Алайда жыл ортасынан ауды. Әлі бұзу туралы хабар жоқ. Тұрғындар алдағы қыста жағдайымыз не болады деп алаңдаулы. Қалалық құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасындағылар барлығы жоспардағыдай атқарылады дегенді алға тартты.

Жан Мырзағали, қалалық құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары:

– Ойыл көшесіндегі нөмірі 19-үйді бұзу биылға жоспарланған. Анығын айтқанда, желтоқсан айында сүріледі. Біз сол кезге таман ғана көшіре бастаймыз. Әзірге тұрғындар қоныстатын жаңа үйдің құрылысы аяқталған жоқ. Нысан қолданысқа берілісімен, кілттерін табыстайтын боламыз.

Тозығы жеткен үйлерді бұзу бағдарламасына сәйкес, ең алдымен сол баспананың құрылыс құрылымы мен инженерлік жүйесінің істен шыққандығы есепке алынады. Мұндай баспаналар негізінен 1940-1970 жылдар аралығында салынған. Шарт бойынша апаттық тұрғын үй иелеріне көлемі дәл сондай пәтер беріледі. Кейде жұртшылықтың пікірі екіге жарылып жатады. Мәселен елордадағы Бейсекбаев көшесіндегі 17/4-үйдің тұрғындарының мүлдем көшкісі жоқ. Баспана әлі де жарамды деп санаса, 17/2-үйдің тұрғындары кетуге асық. Пәтер іші қысы-жазы ылғал тартып тұрады. Қыста қабырғасы суланып, көк басып кетеді. Бұл мұндағылардың денсаулығына да аса зиян. Әсіресе демікпемен ауыратындарға қиын.

Гүлия Шыныбаева, қала тұрғыны:

– Жылу маусымы басталған кезде проблемамыз тіптен көбейіп кетеді. Әсіресе кәріз құдығынан әбден зардап шегеміз. Қайта-қайта өз қаржымызға коммуналық қызметті шақыртамыз. Олар көшедегі кәріз жүйелерін тазалап кеткенімен, жағдай бәз қалпына түседі. Біздің үйден шығатын жүйе ескі болғандықтан, жиі бітеліп қалады.

Тұрғындар уақыт өткен сайын баспанамыздың бір жағы отырып барады, деп те дабыл қағуда. Жиенқұлов көшесіндегі үйлердегі жағдай да осыған ұқсас. Екі қабатты тұрғын үйдің қабырғасы қақырай бастаған. Айта кетейік, жыл басынан бері Нұр-Сұлтанда 4 көп қабатты үй сүрілді. Әлі кезекте 12-сі тұр. Олардың қатарында қоныс тойын асыға күтіп жүрген осы баспаналардың тұрғындары да бар.

Хабар 24 телеарнасы