384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда 800-ден астам нысан сүріледі

  • 380
  • UPD: 10:14, 24.07.2019

Түркістанда жуық арада 800-ден астам тұрғын үй мен дүкендер сүріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың орнына амфитеатр, музей, аттракцион алаңдары мен өзге де әлеуметтік кешендер салынады. Жауапты мамандар халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сүру алды дайындыққа кірісіп те кетті.

Бұл – Түркістан сынды тарихи шаһардың алғаш салынған бөлігі. Қазір осы жердегі барлық ғимаратты сүруге дайындық жүріп жатыр.

Бас жоспарға сәйкес Қожа-Ахмет Яссауи кесенесінің жанында рухани-мәдени орталық салынады. Оның жалпы аумағы 90 гектардан асады. Мұнда бас-аяғы 11 нысан болады деп күтілуде. Олардың қатарында визит орталығы мен екі музей бар. Бұл өзгерістермен қала тұрғындары хабардар.

Эльмира Сұлтанқұлова, қала тұрғыны:

– Келді, бағалады. Берген бағасымен келістік. Қазір біз қоныс аудардық. Бәрі жақсы. Әкімшілік жақтан бізге жақсы көмек берілді. Көліктерін заттарымызды тасып алуға берді.

Жалпы қала бойынша 867 баспана сүрілуге жатады. Әзірге 716 пәтер иесі басқа үйге көшуге келісім берген. Бүгінде 400-дей адамға өтемақы төленді. Алайда жылы орнынан қозғалғысы келмейтіндері де бар. 

Тәжібек Мұсаев, қала әкімінің орынбасары:

– 48 нысан иелері келісім бермей, басқа тәуелсіз бағалаушы мекемелерді тауып, өздері бағалатқан. Біз сотқа жолдаған соң сот сараптама тағайындаған. Екі нысанды ғана бізге соттың шешімімен қайтарды. Яғни бағаланған кезде қателіктер кеткен.

Жылжымайтын мүлік иелеріне тиісті жердің әр сотығына 518 мың теңге ұсынылуда. Аумағында салынып басталған құрылыс болса, оның құны бөлек төленеді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қаланың сүрілуге жататын бөлігіндегі жұмыстарды толық аяқтау үшін кемі екі жыл керек. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы