386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдағы Назарбаев даңғылы жаңа кейіпке енеді

  • 279
Оралдағы Назарбаев даңғылы жаңа кейіпке енеді

Орал қаласындағы Назарбаев даңғылы жүргіншілер аймағына айналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір ескі қаланы дамытудың арнайы жобасы әзірленді. Оның мақсаты Назарбаев даңғылындағы сәулеттік ескерткіштерді сақтауға негізделген. Себебі осы көшеде 18-19 ғасырларда салынған 100-ден аса ғимарат бар. Тұжырымдама осы жолдан өтетін көліктердің қозғалысын шектеп, тек автобустарға арналады. Сондай-ақ веложолақтар салынып жаяу жүргіншілер аймағы кеңейтіледі. Ескі ғимараттар да жаңғыртылады. Бұған қоса, көше бойында қоғамдық тамақтану және сауда орындарын ашуға ниетті кәсіпкерлерге бар жағдай жасалмақ. Айқындалған міндеттерді іске асыру үшін әуелі инженерлік инфрақұрылымдар қалпына келтіріледі. Даңғыл маңындағы жолдар жөнделеді. Мұның бәрі қаланың туристік әлеуетін арттыруға септігін тигізбек.

Темірболат Шәкіржанов, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Орал – Түркістан сияқты көне қала. Бізге ауқымды жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан өз ісін жетік білетін мамандарды, сарапшыларды тартамыз. Неден бастағанымыз дұрыс? Осының бәрін ойластырамыз. Бұл жер қаржы тартудың орталығына айналады. Даңғылдың әр шаршы метрі кәсіпкерлердің қызығушылығына ие болатыны сөзсіз.

Хабар 24 телеарнасы