386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде жүздеген адам апатты баспанада тұрып жатыр

  • 118
  • UPD: 12:14, 24.07.2019

Ақтөбеде 200-ден астам тұрғын үйдің тозығы жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дені өткен ғасырдың орта тұсында тұрғызылған. Арнайы комиссия болса олардың 20-ға жуығын паналауға қауіпті деген ұйғарымға келіпті. Яғни бұл үйлер кез келген уақытта опырылып түсуі мүмкін. Бірақ жергілікті билік жұртты жаппай көшіруге қауқарсызбыз деп отыр.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Ақтөбелік шенеуніктер кәсіпкерлердің көмегіне жүгінген. Мәселен мына менің артымдағы құрылыс алаңының орнында былтыр 2 қабатты ескі үй тұрған. Қазір 54 пәтерлі зәулім ғимарат салынуда. Құрылыс компаниясы тозығы жеткен баспананы тұрғындардан нарық құнына сатып алған.

Алайда бұл қирау алдында тұрған жалғыз үй емес. Мәселен Тургенев көшесі бойындағы 2 қабатты бірнеше ғимараттың халі мүшкіл. Құрамалы тақтайдан тұрғызылған үйлердің салынғанына 80 жылға таяп қалды. Қазір іргетасы шөгіп, қабырғасы қисайған. Қауіпті баспанада баз кешіп отырған тұрғындар мүмкіндік болса кез келген бағдарламаға қатысуға дайын.

Людмила Сенько, апатты үй тұрғыны:

– Осы үйлердегі пәтерлердің бірінің төбесі 2010 жылы опырылып түсті. Сол кезде облыс әкімі келіп, жаңадан үй беріңіздер деп кеткен. Бірақ 9 жыл өтсе де әлі осындамыз. Біз зәулім сарай сұрап отырғанымыз жоқ. Екі бөлмелі пәтерді екі бөлмеліге айырбастауды өтінеміз. Немесе нарық құнымен сатып алсын. Өзіміз басқа баспана табамыз.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Алайда құрылыс компаниялары ескі үйлерді сатып алуға осы уақытқа дейін құлықсыздық танытқан. Тек биыл ғана бір инвестор табылып отыр. Бірақ ол да болса құрылысқа бел шешіп кіріскен жоқ. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Рамазанов мердігер мекеме баспаналарды сүру жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізетіндігін айтты.

Ерлан Рамазанов, Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:

– Олар үйлерді қарап, экономикалық және табыс жағынан өз тиімділігін санап, тек бір ғана компания келісім беріп отыр. Әкімдік өз тарапынан тұрғын үй үлкен болатын жағдайда қосымша жер телімін бөліп, және барлық инженерлік инфрақұрылымдарын тартып беруді көздеп отыр.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Бұл жоба мемлекеттік және жекеменшік әріптесігі аясында жүзеге асатындығы айқын. Мұндай жұмыстар көршілес Батыс Қазақстан облысында 2015 жылдан бері жемісті жүзеге асырылып келе жатқандығы белгілі. Осы уақыт аралығында 10-ға жуық ғимарат сүріліп тасталған. Тұрғын үй қорын жаңартудың бұл жолын Ақтөбеде де ескерсе, істің оңға басары сөзсіз.

Хабар 24 телеарнасы