386,01 428,94 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баянауылдың ескерткіштер кешені ЮНЕСКО-ның назарына ілікті

  • 219
  • UPD: 15:34, 24.07.2019

Баянауыл ұлттық табиғи паркінің аумағындағы тарихи ескерткіштер кешені ЮНЕСКО-ның тізіміне енуге әбден лайық.

Мұндай пікірді Ертіс өңіріне келген халықаралық ұйымның шетелдік және отандық ғалымдар тобы білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдік және отандық ғалымдар тобының сапары «Ұлы даланың мәдениеті мен тарихы» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылды. Бірнеше күндік экспедиция барысында сарапшылар Баян өлкесінің тауы мен тасының, сайы мен қырқасының бай тарихымен танысты.

Алтынбек Құрманов, өлкетанушы:

– Ұлы даламызда не жоқ дейсіз? Оның ішінде біздің Баянауылда орман байлығынан гөрі табиғи ескерткіштер көп. Атап айтсақ, мінеки, көне дәуірден келе жатқан қасиетті Қоңыр әулие мекені, Кемпіртас бар. Қазақстанда сирек кездесетін табиғи ескерткіш. Данатас, Көгершінтастар, осы тастардың барлығы мемлекеттік емес, әлемдік деңгейдегі қорғауға алынуы тиіс.

ЮНЕСКО атынан келген экспедиция құрамында бельгиялық антрополог-ғалым Анна Мария Вильмено бар. Еуропаның көне оқу орындарының бірі - Лёвен университетінің ғалымы құпияға толы тарихы әлемдік ғылыми қауымдастық тарапынан зор қызығушылыққа ие дейді.

Анна Мария Вильмено, әлеуметтік антрополог /Бельгия/

– Көшпенділердің тарихымен ғана емес, біздің заманымызға дейін өмір сүрген адамдардың тіршілігімен жақынырақ таныстық. Мұның бәрі бір Баянауыл өңірінде көрініс тапқан. Ескерткшітерді көріп тәнтіміз. Олардың халықаралық деңгейде сақтап, тыңғылықты зерттеу керек.

Елімізде Қоңыр әулиемен аттас бірнеше үңгір бар, бірақ толық зерттелмеген. Ал бұл тарихи ескерткіш өңір ғалымдарының назарына іліккелі қашан. Оның маңындағы Қола дәуіріне тиесілі көне қорымдар отандық және шетелдік ғылыми қауымдастық үшін тың жаңалық әкелуі мүмкін.

Жанымхан Ошан, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Осы жерде көшпенділер тіршілік еткен дәуірден бері қарай осында қазіргі қазақтар киелі санап жатқан әрбір жерде бұл біздің ата-бабаларымыз санап келген. Бұл жерден көне мәдениетті көреміз, көне дінді көреміз. Ата-бабаларымыздың дәстүрін көреміз. Бар нәрсені, осы жердегі мәдени қасиетті мекендерден осынша көп дүниені көре аламыз. Сондықтан Баянауыл табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның тізіміне енуіне әбден тиісті.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Сақ қорғандары немесе Мұртты қорғандар әлемнің бірнеше мемлекетінде ғана кездеседі. Алғашқылары Алтай өлкесі мен Моңғолияның аумағынан табылған. Ескерткіштердің тағы бір үлкен шоғыры Орталық Қазақстан мен Баянауыл өңіріне тиесілі. Мамандардың пайымдауынша, осындай нысандар 2500 жыл бұрын пайда болған. Біздің өңірде алғашқы зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың 80-жылдары жүргізілсе де, олардың құпиясы белгісіз. Бұл - болашақтың еншісінде.

Десе де, ғалымдар бірнеше ғылыми болжам жасаған. Бұл жерде ислам мәдениетіне дейінгі ғибадатханар мен табыну ескерткіштері орналасқан. Кешенді культтық нысандар астрономиялық мақсаттарда, яғни күннің шығуы мен батуын білуге қолданған деген гипотеза бар.

Тимур Смағұлов, Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, археолог-ғалым:

– Мұртты қорғандар – аса маңызды археологиялық ескерткіш. Бұл жерді ашық астындағы ғибадатхана деуге болады. Сақ көшпенділері күн құдайларына сеніп, бұл жерде көне салттарын жүргізген. Оған осы тастар, тастағы суреттер мен қорғандар дәлел. Осындай бағаналар сағат тілінің қызметін атқарған, биіктігі сегіз метрге дейін жетеді. Жартастарда арқарлар, күн суреттері көрініс тапқан.

Торайғыр көлінің маңындағы Сақ қорғандары соңғы екі жыл ішінде тыңғылықты зерттеліп жатыр. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті жанындағы Марғұлан орталығының ғалымдары 20-дан астам қорым тапқан. Экспедиция мүшелерін бұл ескерткіштердің жақсы сақталып, зерттеліп жатқаны таң қалдырды.

Меруерт Әбусейітова, экспедиция жетекшісі, Р. Сүлейменов атындағы шығыстану университетінің директоры:

– Еліміздің кей өңірлеріндегі қорғандар тоналған немесе бүгінгі күнге дейін жетпей қалса, баянауылдық ескерткіштер жақсы сақталған. Бұл тастар әлемдік ғылым үшін маңызды мағлұмат береді. Бір Баянауыл өңірінің өзінде қанша ескерткіш бар. Әріптестерім тәнті болды. Жергілікті ғалымдардың еңбегіне жоғары бағасын берді. Енді ЮНЕСКО тізіміне енгізу бойынша тиісті жұмыс атқарамыз.

Баянауыл табиғи паркінің аумағында 50-ден астам тарихи және табиғи ескерткіш бар. Экспедиция мүшелері олардың барлығы халықаралық ұйымның қорғауына алынуы керек деген пікірде. Себебі кейінгі ұрпаққа жетпей қалуы әбден мүмкін. Алдағы уақытта ғалымдар нысандарды тізімге енгізу бойынша құжаттам әзірлеуді бастамақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы