386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада «Мектепке жол» акциясы аясында 3 мыңнан астам балаға көмек көрсетіледі

  • 195
  • UPD: 23:56, 24.07.2019

Биылғы оқу жылында елордада «Мектепке жол»акциясы аясында 3 мыңнан астам балаға көмек көрсетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал жалпыға міндетті оқу қоры бойынша 5 мың оқушы қамтылады. Білім басқармасындағылар «бұл сан жыл соңына дейін артуы мүмкін», деп отыр.

«Мектепке жол» акциясына үміт артып отырған көп балалы отбасылар көп. Солардың бірі - Тамара Ермекбаеваның жанұясы. 4 баланың анасы да өзегелер сияқты оқушыны мектепке дайындау оңай еместігін айтады. Өзі былтырдан бастап осы шараның шарапатын көріп келеді. «Биыл да оқу құралдары мен киім-кешек жағынан көмек болса, құба-құп болар еді», - дейді.

Тамара Ермекбаева, қала тұрғыны:

- «Мектепке жол» акциясы мен сияқты көп балалы аналарға көмегін тигізіп жатыр. Менен де көп 7-8 баласы барлар бар. Мысалы, мына жерде менің көршім бар, 6 баласы бар. Оның ар жағындағы көршімде 8 баласы бар. Сондай кісілер жәрдемге мұқтажбыз. Осы акцияның көмегі тие берсе екен. Жақсы болар еді, нұр үстіне нұр болар еді.

Қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, әлеуметтік аз қамтылған санатқа жататын оқушыларды жаңа оқу жылына дайындау екі бағытта жүргізіледі. Жалпыға міндетті оқу қоры және «Мектепке жол» акциясы арқылы іске асады. Әрине, бірінші кезекте көпбалалы отбасыларға қолдау жасалмақшы.

Әнуар Жанғозин, қалалық білім басқармасының басшысы:

Атаулы көмек алатын болса, онда олар көп балалы отбасылар. Сондықтан біз оларға жалпы міндетті оқу қоры аясында көмек көрсете аламыз. Ол тамақ, киім, оқу құралдары.

Айта кетейік, былтыр осы акция аясында 7500 балаға 153 млн теңгенің көмегі көрсетілген. Ұйымдастырушылар биыл да демеушілер қайырымдылық шарасына белсене атсалысады деген сенімде.

Хабар 24 телеарнасы