386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысындағы амбулатория цифрлық жүйеге ауысуға ерекше көңіл бөліп отыр

  • 120
  • UPD: 08:40, 25.07.2019

Ақтөбе облысында биыл үш дәрігерлік амбулатория салынып, елді мекенге баратын әр жас маманға қомақты қаржы берілмек. Бұл ауылдағы медицина сапасын көтеруге бағытталған шаралардың бірі. Сондай-ақ қызмет түрін цифрлық жүйеге ауыстыруға да ерекше көңіл бөлініп келеді.  

Дәрігерлерге жиі көрінетін Раушан Балымбетова қазір қажетті маманның қабылдауына тез кіреді. Аудандық аурухананың мобильді қосымшасын меңгеріп алған ол, бұрынғыдай кезек күтіп ұзақ тұрмайды. Онлайн режимде жұмыс істейтін электронды жүйеге алдын ала тіркеліп, дәрігерге өзі белгілеген уақытта келеді.  

Раушан Балымбетова, Алға ауданының тұрғыны:

- Осылай приемға 3-4 рет кірдім. Жақында травматологтың қабылдауында болдым. Дәрігерге жазылып, уақытында келіп жүрмін. Өте ыңғайлы.

Алға аудандық орталық ауруханасының цифрлық жүйеге көшкеніне көп бола қойған жоқ. Бірақ нәтижесі көзге көрініп тұр. Тіркеу бөлімінде де, мамандар отыратын әр бөлменің алдында да топ адам көрінбейді. Әрі қажетті құрал-жабдықтар да жүйелі түрде жаңартылып келеді. Бірақ үш бірдей ауылдық округке әлі де дәрігерлер қажет. Оның үстіне, қан қысымы, жүрек, өкпе және асқазан аурулары жиілеп барады.   

Нұржамал Қалықова, Алға аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Осы мәселені шешу үшін біздің бас дәрігер жас тұлектермен кездесіп, енді оншақты дәрігер біздің ауданға келетіндей болып жазылды. Әзірге келе қойған жоқ. Бірақ шілде айында келеді деп күтіп отырмыз. Акушер-гинеколог та бар, жалпы тәжірибелік дәрігерде бар, педиатр мамандары бар.

Бүгінде арнайы бригада әр ауылға барып, жергілікті тұрғындардың денсаулығын тексеріп жатыр. Ал ауылдардағы медициналық пункттер қалыпты жұмыс істер тұр. 

Әлия Өтегенова, Бестамақ дәрігерлік амбулаториясының дәрігері:

- Науқастарға қызмет көрсетеміз. Үйлеріне шақыртуға барамыз. Трассада болған ДТП-ға пока қаладан немесе Алғадан жедел жәрдем келгенше бірінші медициналық көмегімізді көрсетеміз.

Қазір ауылдық жердегі медицинаның сапасын арттыру үшін бірқатар жоспар құрылған. Ең алдымен қажетті мамандарды тарту көзделіп отыр. Еңбек жолын елді мекеннен бастағысы келетін маманның әрқайсысына облыс әкімдігі әлеуметтік қолдау шараларынан бөлек қосымша 1,5 млн теңге бермек. Сондай-ақ алдыңғы жылдардағыдай медицина мекемелерін салу одан әрі жалғасады.

Авторы: Әнуарбек Мырзатайұлы

Хабар 24 телеарнасы