386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда электрлі самокаттардың қатысуымен жол апаты жиілеп кетті

  • 315
  • UPD: 11:59, 25.07.2019

Алматыда электрсамокат жүргізушілерінің қатары жыл санап өсіп келеді. Экологиялық жағынан таза көлік құралының көбейгені әрине жақсы. Тек жол жүру ережесі сақталса игі. 

Бұл Сейфуллин даңғылы мен Шевченко көшесінің қиылысы. Бірнеше күн бұрын электрсамокатын тізгіндеген тағы бір жүргізуші апатқа түсті. Зардап шеккендер қазір ауруханада жатыр. Ал полиция қызметкерлері айыптыларды анықтауда. Жалпы көктем келгелі осындай апаттар жиілеп кеткен. 

Айгүл Долдина, жедел медициналық жәрдем беру қызметінің аға дәрігері:

- Нағыз статистика жоқ. Бірақ соңғы айда шамамен 15 сондай апаттар болды. Самокатпен жүріп келе жатқан адамдар не тұрып тұрған машинаға соғылады не болмаса кетіп бара жатқанда жолда машиналармен соғылып сондай жарақат алады. Жарақаттары көбіне жеңіл. Әзірге жеңіл жарақаттар.

Әбиір болғанда адам өлімі жоқ. Кептелістен шаршаған қала тұрғындары екі дөңгелекті көлікті құп көреді.

Тіпті отау құрған жас жұбайлар да самокатпен қыдыра бастады. Автомобиль жүргізушілері самокат иелеріне құрметпен және қорқынышпен қарайтындарын жасырмады. Өйткені оларда жүргізуші куәлігі жоқ.

Эдуард Эдоков, тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:

-Оларды мопедтермен теңестіріп қойды. А санатына жатады. Менің пікірімше оларға тіркеу нөмерлері, жүргізуші куәлігі берілуі керек. Олар дайындықтан өтіп, жол жүру ережелерін оқуы тиіс. Бірақ бұған қашан қол жететіні белгісіз.

Самокат тізгіндегендер веложолақпен жүруі тиіс. Ол болмаған жағдайда мопедтер секілді жолдың оң жақ шетімен қозғалады. Ал көлік жүргізушілері қашықты сақтауды ұмытпағандары жөн. Бірақ электрсамокатын көлік құрлы көрмейтін автомобиль жүргізушілері аз емес.

Әнуар Жүсіпов, велоқауымдастық өкілі:

- Қарапайым мысал. Біз жолдың оң жақ жиегімен жүреміз. Көше қиылысына келгенде оңға бұрылатын машинаның жүргізушісі айнаға қарап, бізді өткізіп жіберуі тиіс. Бірақ бізді көпшілігі елемейді. Қақтығыс осындайдан болады. Ал тәжірибелі велосипедшілер қиылыстан өтерде  машинамен соғылмауы үшін ережені аздап бұзып, екінші қатарға түсіп алады.

Алдағы уақытта Алматыда электрсамокатын пайдаланатындардың саны артатыны анық. Мәселені шешудің бір амалы жол жүру ережесін толықтыру, дейді мамандар. Ең басты қағида, жолда абайлап әрі асықпай жүрген абзал.

Авторлары: Алуа Махамбет, Ұлан Нарынбек, Александра Салмина

Хабар 24 телеарнасы