386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде білім беру бағдарламасына экологиялық сабақтар факультатив ретінде енгізілуі мүмкін

  • 201
  • UPD: 17:19, 25.07.2019
Елімізде білім беру бағдарламасына экологиялық сабақтар факультатив ретінде енгізілуі мүмкін

Еліміздегі мектептерде білім беру бағдарламасына экологиялық сабақтар факультатив ретінде енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл бастаманы Қызылорда облысы Арал ауданында ашылған «Эко-Әлем» республикалық жазғы лагерь қатысушылары ұсынып отыр. Қазақстанның барлық өңірлерінен жиналған 130-дан аса балалар мен жасөспірімдер 5 күн бойы экологиялық апат шеңгеліне түскен Арал теңізі проблемасын қаузайды.

«Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына келген 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер «Қазақстан - ортақ үйіміз» деп айдар тағылған алғашқы күні 12 командаға бөлініп, өз өңірлерін өнері арқылы таныстырды. Лагерьдің ашылу салтанатына қатысқан мәжіліс депутаты Зағипа Балиева республиканың 7 мыңнан астам мектебінде эко патруль құрылатындығын жеткізді.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Әр ауылда эко патруль болса, арық, өзен, көл, жол болсын бәрінің мәселесін өздері көтеріп, өздері тазалайды. Арнайы бағдарлама дайындалады, проблема талқыланады, пікірлер айтылады, бағдарламаға енгізіледі. Ол бағдарлама міндетті түрде Білім министрлігіне тапсырылады. Себебі мектепте балалар бәрі эко проблеманы талқылап, білуі керек.

Өскелең ұрпақ санасына қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыруды көздеген көпкүндік шарада адамзаттың көз алдында кенезесі кепкен Арал теңізін сақтап қалу жобалары таныстырылды. Лагерьде «ЭкоҮлес» валютасы қолданылып, қоқысты сұрыптау сатылары көрсетіледі. Экологиялық акцияға айырықша белсенді қатысқандарға арнайы сыйлықтар табысталады. 

Динара Сәдуақасова, республикалық «Жас ұлан» ұйымының төрайымы:

– Үздік командир, үздік топ, үздік таныстырылым, үздік экологиялық жоба. Жасыл пакетке қағаздар яғни макулатура саламыз. Сары пакетке органикалық қалдықтарды, көк пакетке пластик салатын боламыз. Қалған қалдықтарды қара пакетке сұрыптаймыз. Сондықтан соған бәріміз үйренеміз және ол біздің лагерь қатысушыларының өмір стилі болады деген сенімдеміз.

Атыраулық жас өрен Томирис қоқысқа ресурс ретінде қарауға шақырады. Қажетсіз заттардың өзін кәдеге жаратуға болатынын дәлелдеп, эко жобалар байқауында көпшіліктің назарын өзіне аудартып, сөзіне ұйыта білді. Пластик құтыларды пайдалана отырып, балаларға жасыл әлем қалыптастыру жолдарын көрсетті.    

Томирис Мәженова, эко жоба байқауына қатысушы:

– Жабыстырып, тігіп үйренуге, жыл мезгілдерін үйренуге яғни қалдық-қоқыстарға екінші өмір беру үшін ойластырған болатынмын. Пластик құтыларды көбінесе далаға лақтырып тастап жатады. Тиісінше ол табиғатқа зиянын алып келеді. Енді соны пайдаға асыру үшін ыдыс қылып жасадым. Ерекшелігі, астын тесіп, су құйғанда ауасы астынан келіп тұрады. 1 жылдан кейін тұқым өсіп, тамырланғаннан кейін оны табиғатқа апарып өсіреміз.    

Табиғатты аялауға жаны құштар өрендер Қамбаш көлінен бөлек Арал теңізі мен Байқоңыр ғарыш айлағына экскурсия жасайды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы