386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Е. Біртанов Арыстағы жарылыс пен браконьерден зардап шеккен жандардың жағдайы туралы айтып берді

  • 163
  • UPD: 20:22, 25.07.2019

Елімізде тегін берілетін дәрілерді саудаға салғандар жауапқа тартылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Денсаулық сақтау министрі осы уақытқа дейін 27 қылмыстық істің қозғалғанын айтты. Күдіктілер әлгі препараттарды жекеменшік дәріханаларға қомақты қаржыға сатқан көрінеді.

Одан бөлек, Елжан Біртанов Арыстағы жарылыстан зардап шеккен өрімдей бала мен браконьерлердің шабуылынан ауыр жараланған қорықшының жағдайы туралы да айтып берді.

Арыстағы жойқын жарылыстан зардап шеккен баланың жағдайы тым ауыр. Денсаулық сақтау министрі науқасқа күрделі ота жасалғанымен, бас сүйегі бүлінген баланың беті бері қарамады деп отыр. Тіпті іргедегі елдерден білікті дәрігерлер де шақырылған. Бірақ 8 жастағы өрен сол күйі есін жимады.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– 8 жастағы баланың бас жарақаты болған. Осыған байланысты бүкіл қажетті медициналық көмек көрсетілген. Белгілі мамандар бұл баланың еміне қатысты. Тіпті шетелден мамандар шақырылды. Бірақ баланың жағдайы жақсармады.

Апаттан ауыр жараланған өзге 2 адам қазір Шымкент пен Алматыда ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайы қалыпты дейді. Жақында үйлеріне жіберілмек.

Браконьерлердің шабуылынан зардап шеккен қорықшы да өлім аузынан аман қалды. Самат Оспанов қазір дәрігерлердің қарауында. Оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– «Охотзоопром» қорықшысының жағдайы тікелей менің бақылауымда. Оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігелер жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Сондықтан толық айығып кеткенше мамандардың бақылауында болады.

Ақ халаттылар адам өміріне араша түсіп жатқанда, кейбір пысықайлары қалта толтырумен әлек болған. Елжан Біртанов елімізде тегін берілетін дәрілерді саудаға салғандар жөнінде айтып берді. Қазір 27 қылмыстық іс қозғалыпты. Күдіктілер мемлекеттен берілетін медициналық препараттарды жекеменшік дәріханаларға сатып, пайда тауып келген.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Мемлекет тарапынан сатып алынған дәрі-дәрмекті жеке дәріханаларға сату жағдайлары тіркелді. Бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Аталмыш заңсыздыққа байланысты 27 қылмыстық іс қозғалды.

Осындай олқылықтарды болдырмау үшін министрлік цифрлық жүйені енгізген. Дәрі сатып алуға қатысты тендер ашық жүргізіле бастады. Соның арқасында ақша да үнемделді.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Дәрі-дәрмек нарығын мейлінше ашық қылу үшін үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр ашық тендер өткізудің арқасында 26 млрд теңге үнемделді. Бұл ақша қосымша дәрі алуға жұмсалды.

Енді отандастарымыздың әрбірінде электронды медициналық төлқұжат болады. Онда әр адамға қатысты деректер сақталған. Жоба қазір сыналып жатыр. Толық іске асқанда мәліметтер онлайн түрде жаңарып отырады. Оның көмегімен медициналық сақтандыру қорына жиналған ақшаның қайда жұмсалып жатқанын да бақылауға болады.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Келесі жылы бұл төлқұжат онлайн режимде жұмыс істейді. Осының арқасында халықты емдеуге кететін шығынның ашық болуын қамтамасыз етеміз. Тағы бір пайдасы, сіз Қазақстанның кез келген нүктесінде дәрігерге қаралсаңыз да, ауру тарихыңызды дәрігер электронды базадан таба алады. Осы сияқты көптеген қағазбастылық жойылады.

Бұл жүйе арқылы медициналық анықтамалардың сатылымын да сап тыюға болады. Өйткені ондай құжаттардың барлығы енді электронды түрде берілмек. Тіпті жақында жүргізуші куәлігін алар кезде медициналық анықтама да талап етілмеуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі ішкі істер органдарымен бірлесіп, осы мәселені шешіп жатыр.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы