386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысына қарасты Қызылдала елді мекенінде медицина маманы тапшы

  • 141
  • UPD: 20:23, 25.07.2019

Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Қызылдала елді мекенінде медицина маманы тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылдағы медициналық тіректің аты барда, заты жоқ. «Басы ауырып, балтыры сыздаған» халыққа мұндағы ақ халаттылар алғашқы көмек көрсетуді дұрыс үйлестіре алмайтын көрінеді. «Түрлі ауруымен тізімде тұрғандарға тегін дәрі берілмейді», – дейді жұртшылық. Ал көршілес Еңбекші ауылындағы медициналық тірек те қазір құлаудың алдында тұр. Кеңестік кезеңнен қалған ғимараттың қабырғасы жарылып, бөлме ішін шөп басқан.

Дерті дендеген қызылдалалық Әтіркүл Әбуова таңертеңнен медициналық тіректі жағалап жүр. Мазасыз күйге түскен батыр анаға бекетте тиісті маман орнында жоқ болған соң тазалықшы жәрдем көрсетті. Әтіркүл апаның айтуынша, ауылдағы ұядай ғана мед тіректе маман тапшы. Мұндағы ақ халаттылар науқастың жағдайынан бұрын, орталыққа өткізетін есеп қисабын түгендеп жүрген көрінеді. Ал қан қысымы жоғарылап, дертіне дауа іздегендер медбикенің келуін күтуге мәжбүр.

Әтіркүл Әбуова, Қызылдала ауылының тұрғыны:

– Бізге дәрігер керек. Қазір қан қысымым жоғарылап кетті. Қарататын ешкім жоқ.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұнда маманнан бөлек дәрі-дәрмек те тапшы. Мыңнан астам халық тұратын елді мекенде 39 адам қан қысымы және түрлі дертімен есепте тұрады. Алайда олардың өзі мемлекеттен берілетін тегін дәріні ала алмаймыз дейді.

Қалсапар Шегербаева, Қызылдала ауылының тұрғыны:

– Табан астында ауырып келіп қалсақ, бұл жердегілердің бізді емдеуге дәрі-дәрмегі жоқ. Бөлінбеген. Бұлар айтады, бізде еш нәрсе жоқ. Енді оны өзіміздің айлығымызға қалай сатып алып келеміз дейді. Ол да дұрыс.

Гүлсара Қойшыбаева, Қызылдала ауылының тұрғыны:

– Судың кесірінен бала-шағамыздың барлығы іші өтіп, қаратуға Рабатқа дейін апардық. Олар да дәрі жоқ деп, қайтадан жіберді.

 Өркениеттен тыс қалған бұл ауылға жергілікті биліктегі атқа мінерлердің бірі де ат ізін салмайды дейді халық. Айтпақшы Қызылдала да ауызсу мәселесі әлі шешімін таппай отыр.

Бектас Өтейев, Қызылдала ауылының тұрғыны:

– Халық қалай күн көріп жатыр? Оның ішетін суы қалай? Жағдайы қалай деп, бір мәрте келген емес мына ауданның әкімі Телғараев.

Еңбекші елді мекенінде де медициналық тіректің сапасы сын көтермейді. Ғимараты ескі. Қабырғалары жарылып тұр. Мұндағы мамандар әупірімдеп күн кешіп отырмыз дейді. Осы мәселелердің шешімін білмек болып, біз Рабат елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияға бардық. Меңгеруші Ділдәбек Қалышовтан білгеніміз, жалпы ауылдық округтегі медициналық тіректе ешқандай мәселе жоқ көрінеді.

Ділдәбек Қалышов, «Рабат» дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі:

– Қызылдалада фельшерлік акушерлік бекеті тірегі 2009 жылы салынған. Ол жерде кадр мәселесі жетіспейді дегені штатқа сәйкес кадр мәселесі толық. Дәл қазіргі уақытта бір маманымыз еңбек демалысында. Енді екіншісі осы жерден түске дейін келіп сонда барады. Орнына түске дейін келген уақытта ешкімді ауыстыра алмаймыз. Дәрі-дәрмек жөнінде Қызылдала елді мекеніне мемлекеттік бағдарламада бөлінген дәрінің барлығы тегін беріледі. Сатып алмыз деп жатыр ғой ? Енді сатып алса, осында келіп менімен беттесуі керек еді.

Халықтың медицина саласына деген шағымы бұл ғана емес. Олардың айтуынша, ауыл тұрмақ үлкен шаһарда да маман тапшы. Ал заманауи медициналық тірек бекеттері шалғайдағы ауылдарға енді ғана жетуде. Мәселен өткен жылы облыста 62 тірек бекеті салынған. Биыл 30 астамын іске асыру жоспарда.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы