386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жайықтың төменгі сағасы туристер аймағына айналмақ

  • 176
  • UPD: 22:03, 25.07.2019

Жайық өзенінің төменгі сағасында орналасқан «Ақжайық» табиғи резарваты – туризмді дамытуға аса қолайлы мекен.

Қорық аймағындағы инфрақұрылымның нашарлығына қарамастан, қазірдің өзінде бұл ара әуесқой балықшылар үшін таптырмас демалыс орнына айналып келеді. Резерват аумағында аң мен құсқа бай ғажайып аралдар мен түбектер де бар. Демек тұмса табиғатты тамашалауды мақсат еткендерге Атырау өңірінде мүмкіндік мол.

Бұйра бірқазан мен үйрек-қаздың алуан түрі, қоқиқаз бен қызыл тырналар, су бүркіті мен шағалалар. «Ақжайық» мемлекеттік қорық аймағында осындай қанаттылардың 292 түрін кездестіруге болады. Ал «құстар жұмағы» атанған «Шағалалы» аралы қанаттылар үшін қысы-жазы базары тарқамайтын нағыз мерекелі мекен десек, артық айтқандық емес. Аумағы 341 гектар арал әлі күнге сол қалпында сақталып тұр.

Илья Бофонов, қорық орнитологы:

– Бұл арал әлемдік құстар миграциясының бойында орналасқан. Сол себепті көктем-күз айларында құстардың алуан түрін көруге болады. Аралдың суы тайыз болғандықтан, ұсақ балықтар мен шабақтарға өте бай. Яғни құстар үшін қоректік азық жеткілікті.

«Шағалалы» аралында «Қызыл кітапқа» енген әлемде сирек кездесетін құстардың 26 түрі бар. Солардың бірі – бұйра бірқазан. Оның 600-дей жұбы осы аралды мекендейді. Бұл әлемдегі осы тектес құстың 12 процентіін құрайды. 

Арыстанбек Кенже, тілші:

– «Құстар жұмағы» деп аталатын шағалалы аралдың көлемі шағын болғанымен, көктем айларында бұл арада 17-20 мыңға дейін шағала балапан өргізеді екен. Сондай-ақ бұл жылы жаққа қайтатын құстардың да сүйікті мекені болып табылады. Сирек кездесетін қызыл тырналар, болмаса қарабас шағала, тіпті қоқиқаздарды да кездестіруге болады, - дейді қанаттылардың мамандары.

Енді осынау қаймағы бұзылмаған табиғат пен құс базарын жақыннан тамашалауға мүмкіндік туды. Резерват биылдан бастап аралға арнайы туристік маршрут ашуды көздеп отыр. Қорықшылар демалушыларға тұмса табиғаттың тыныштығын алмай ғана алыстан қызықтауға кеңес береді.

Ислам Қадырбаев, «Ақжайық» мемлекеттік резерватының маманы:

– Сонымен бірге біз мұнда Каспий итбалығы эндимикалық жануарын да көре аламыз. Бұл жерде олар көбеймегенімен, өзінің қорегін іздеп келіп-кетеді. Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде көп кездестеін ондатр, жаннат тәрізді ит, сонымен бірге қабандар да көп кездеседі.

Сондай-ақ қорық аумағында шағын кемелер мен моторлы қайықтарға мініп, Жайық өзені бойымен де серуендеуге болады. Ал жағаға қайық жықсаңыз, аң-құстардан өзге мұнайлы аймақтың өсімдіктер әлемімен де таныса аласыз. Олардың ішінде бұйрығын, атқұлақ, киікотынан бастап өзге өңірлерде сирек кездесетін 229 түрлі өсімдік бар.  

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы