386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Енді әр қызметкердің жеке зейнетақы шотына ай сайын жалақының 15% аударылады

  • 285
  • UPD: 22:02, 25.07.2019

Еліміздегі зейнетақы аударымдарының жаңа ережелері қабылданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап әр қызметкердің жеке зейнетақы шотына ай сайын жалақының 15 пайызы аударылып отырады.

Яғни әр жұмыс беруші қызметкердің 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасынан бөлек, өз қаражаты есебінен 5 пайыз зейнетақы жарнасын аударуға міндетті.

Жұмыс берушіге бұл ақшаны өз қаражатынан төлеуге тура келеді. Бірақ дәл осы 5 процент зейнетақы жарнасы жеке тұлғалардың меншігі болып саналмайды. Тіпті қайтыс болғаннан кейін де мұраға қалдырылмайды. Қаражат бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активінде болады. Және зейнеткерлер арасында қайта бөлінеді. Мамандар бұл жаңашылдықты енгізбес бұрын әлемнің үздік тәжірибелеріне сүйенгенін айтады.

Азат Сапин, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ стратегиялық даму департаментінің бөлім басшысы:

– Бұл 5 пайыз тұрғындардың зейнеткерлік жасындағы табысын көбейту мақсатында, зейнетақы жинақтарын қалыптастырудың қосымша көзі ретінде енгізілмек. Жаңа құрамдауыш моделін жасау барысында әлемдік тәжірибелер зерттелді. Бұл ретте шартты құрамдауыш жүйені әлемде алғаш Швеция енгізген болатын. Кейін бұл елдің зейнетақы жүйесі туралы тәжірибесін Латвия, Норвегия қолданған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары бұл ереже жұмысшылардың жалақысын төмендетуге себеп болмауы керек деп отыр. Себебі қызметкермен арадағы шарт пен жалақы мөлшері еңбек шартында қарастырылған.

Мысал ретінде еңбек өтілі 33 жыл, еңбекақысы 172 мың теңге болатын қызметкерді алайық. 33 жыл ішінде инвестициялық табысты есепке ала отырып, қызметкердің жалақысынан 10 пайыздық зейнетақы жинақтары шамамен 12,7 млн теңгені құрайды. Бұл орайда жалақының өсуі ескерілмейді. Зейнеткерлікке шыққан кезде қызметкердің алатын ақысы 140 мың теңгені құрайды, оның ішінде жинақтау 110 мың теңге болса, базалық қор - 30 мың теңгеге шақ.  

Виктория Шегай, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры:

– Зейнетақы аударымдарының жаңа ережесі елімізде жұмыс істейтін барлық адамға қатысты. Тек бұл ереже зейнеткерлерге, әскери қызметшілер мен күштік құрылымдардың қызметкерлеріне және өмір бойы ай сайынғы төлеммен қамтылатын отставкадағы судьяларға қолданылмайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 2,2 миллион зейнеткер бар. Ал қазіргі зейнетақының орташа мөлшері 85 697 теңгені құрап отыр. Оның ішінде базалық зейнетақы 26 978 теңге, ортақ зейнетақы 58 719 теңге.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы