386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да соғыста қаза тапқан 13 сарбаздың сүйегі табылды

  • 120
  • UPD: 09:31, 26.07.2019

Жарты әлемді жалмаған соғыс жалыны қазақ жерінің де шетін шарпып өтті.

Ұлы Отан соғысы жылдары Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы және Жәнібек аудандарына 600-дей бомба тасталған екен. Сол кезде теміржол бойында қаза тапқан совет сарбаздарының сүйектері әлі де табылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кешелі-бері облыстағы іздестіру тобы Сайқын ауылынан 15 шақырым жердегі №356 разъездің маңынан 16 қызыл әскердің денесін жер бетіне көтерді.

Жәнібек, Сайқын, Шоңғай станциялары Орал-Рязань шойын жолының бойынша орналасқан. 1942 жылы осы теміржол арқылы Сталинград майданына қару-жарақ, азық түлік және әскер тиеген эшелондар үздіксіз ағылып жатты. Сол себепті де аталған елді мекендер жау ұшақтарының толассыз шабуылына ұшырады.  Арада 77 жыл өтсе де, сол сұрапыл жылдардың ізі мұнда әлі кездеседі.

Тоқсанның төртеуіне келген Шура апамыз сол күндердің куәсі. Соғыс басталғанда пошташы болған екен. Ышқынған ұшақ, жарылған бомба, жаралы жандардың даусы әлі құлағымда тұр, - дейді ол.

Шура Сусина, Сайқын ауылының тұрғыны:

- Бомбалады. Сайқын ішінде 7 әскери бөлім болған. Соғыс уақытында ұшқыштар болды, зенитчиктер. Көшеде түнде жүргесін жарық жоқ. Ана шұңқыр ішінде «көмектесіңдер» дейді. Ішек-қарны жерде жатыр. Тірі бола ма...

Шойынжол бойындағы мына шұңқырлар сұм соғыстың қазақ жеріне салған жарасы. Ал осы апандарда талай сарбаздың сүйегі жатқанынан көпшілік бейхабар. Сол күндері қатынас қауырт қалпына келтірілген соң әскерлердің денесі бомбы орындарына тасталып, беті топырақпен асығыс жасырылады. Кейін оларды қайта жерлеу жайы халық шаруашылығын қалпына келтіру ісінің көлеңкесінде қалады. Уақыт өте мүлде ұмытылады.

Жұбан Ғұмаров, өлкетанушы :

Бауырластар мәйіттері бар, белгілерін қойған қоршау бар, 4 зират бар. Біздің мәлімет бойынша осындай 40-50 жерлеу орындары болуы керек. Іздеу керек. Іздегенде жүріп «воронкаларды» бомбалау орындарын қазу керек. Себебі мында металл іздейтінмен іздеу пайдасы жоқ. Воронкаға барғанда олар шыңғырады. Себебі астында жарықшақтары бар.

Сарбаздардың сүйегін іздестіру жұмыстары 19 шілдеде басталған еді. Кешегі күн нәтижелі болды. №365 разъезд маңындағы беті күл-қоқысқа толы шұңқырды қазу кезінде 13 сарбаздың сүйегі жер бетіне көтерілді, бүгін тағы 3 боздақтың денесі анықталды. Отан үшін от кешкен есіл ерлердің әлі талайы осы жерде жатқаны анық.

Сергей Лапшин, іздестіру отрядының жетекшісі:

Астында қанша жатқанын білмейміз. Мынау үлкен шұңқыр, бомбылаудан кейін мүрделерді лақтырып, бетін топырақпен жаба салған. Олардың кімдер екенін анықтау өкінішке қарай мүмкін емес. Себебі, медальондары жоқ. Әдетте, шабуылдан соң аман қалған шені үлкені шығындар жөнінде есеп беру үшін қайтқандардың құжаттарын, медальондарын жинап алады. Бірақ мына түймеге қарап, бұлар теңізшілер деп ойлаймыз.

Табылғандарды теңізшілер деп топшылауға бірнеше себеп бар. Түймедегі зәкірдің белгісімен қатар олардың бойы екі метрге жуықтауы әскер қатарына іріктеп алынғанын аңғартады. Тарихи деректер бойынша 1942 жылдың 4 қазанында Тынық мұхиты флотына қарасты теңіз жаяу әскерінің бір құрамасы Сталинградқа бағытталады. Дәл осы разъездің маңында эшелон жау бомбылауына ұшырайды. 38 теңізші көз жұмады. Олардың аты-жөндері белгілі болғанымен, қай жерде жатқанын ешкім білмейтін. Енді тағы бір тарихи ақтаңдақтың беті ашылды.

Жұбан Ғұмаров, өлкетанушы:

Суворов айтқандай, ең соңғы солдат жерленбей, соғыс бітпейді деп. Енді бүкілін табу қиындау болар. 80 жылдай өтіп кетті ғой, бірақ әліміз бар, жастарды жинап жұмыстанамыз.

Сарбаз сүйектері таяу уақытта Сайқын ауылындағы бауырластар зиратына қайта жерленбек.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы