385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтар браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшыны ақтық сапарға шығарып салды

  • 208
  • UPD: 18:30, 26.07.2019

Бүгін Жезқазған жұртшылығы браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшы Қаныш Нұртазиновты соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарақшының оғынан ажал құшқан табиғат қорғаушысымен қоштасуға қарақұрым халық жиналды. Марқұмның туыстары мен достары, әріптестері, жерлестері - барлығы жүр. Қанышты ақтық сапарға шығарып салу кезінде жиналған қауым оның әділет пен заңды әрдайым алға қойған ержүрек жан болғанын айтты.

«Елбасы мен Президент атынан, барлық қазақстандықтар атынан Қаныш Нұртазиновтың туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Мемлекет басшысы осы қайғылы оқиғаны естіген бетте қылмыстық істі жеке бақылауға алып, ішкі істер министріне тиісті тапсырмалар берді. Қаныш бізге Отанға деген адалдық, қызметтік борышын орындау кезіндегі жанқиярлық үлгісін көрсетті. Біз экология министрі Мағзұм Мырзағалиевпен бірге осы қайғыны бөлісіп, демеу үшін келдік», - деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қаныш Нұртазинов қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Президент атынан ҚР Экология министрі Қарағанды облысы әкімімен бірге қаза болған қорықшының отбасына мемлекеттік награданы табыс етті.

Марқұм инспектордың отбасы материалдық көмек алады. Ерлан Қошанов сондай-ақ Президенттің тапсырмасы бойынша батырдың ерлігі мәңгі есте қалатынын айтты. Ұлытау ауданындағы көшелердің біріне Қаныш Нұртазиновтың есімі беріледі.

«Бүгін рухы мықты, адал да ержүрек, қайсар ер, еліміздің абыройлы азаматы Қаныш Серікұлын соңғы сапарға аттандырғалы тұрмыз. Көңілі жарқын, сертіне берік, ғұмырын шынайы еңбекке арнаған Қаныш Серікұлының ғұмыры небәрі 43 жасында үзілді. Бұл жағдай - біз үшін орны толмас қайғы. Барлығымыздың қабырғамыз қайысып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қайғыға ортақтасып, шынайы көңіл айтып жатыр. Осындай ер мінезді азамат тәрбиелеген ата-ана, туған-туыс, жанұясына шексіз алғыс айтамыз. Артында қалған анасына, жұбайына, бес баласына Алла қуат беріп, мейірімін төге көр дейміз. Президенттің тапсырысымен қолдан келген барлық көмек-қолдау жасалатынына кепіл береміз. Нұртазинов Қаныш Серікұлы 2016 жылдың қаңтарынан бастап Охотзоопром мекемесіне Орталық аймақтық филиалдың инспекторы болып қызметке қабылданды. Осы уақыт аралағында өте жауапты, адал қызмет атқарып, әріптестері арасында үлкен құрметке, беделге ие болды», - деді ҚР Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Марқұм қорықшы 43 жаста еді. Әскерден кейін құқықтық білім алып, өз өмірін тәртіп саласымен байланыстырған. Бірнеше жыл туған ауылында учаскелік инспектор болып жұмыс істеді. Үш жыл бұрын ішкі істер органдарынан отставкаға шыққаннан кейін табиғат қорғау қызметіне ауысқан.

Еске сала кетейік, Қаныш Нұртазинов әріптесімен бірге ақбөкен аулаған қаскүнемдерді құрықтамақ болған. Оқиға Ақмола облысының Жарқайың ауданында орын алды. Қорықшыларға қарсы оқ атқан браконьерлер бір инспекторды өлтіріп, екіншісін ауыр жарақаттаған болатын. Аталмыш оқиға ІІМ бақылауына алынып, қылмыскерлерді құрықтау бойынша тиісті шаралар қолданылды. Ал Президент қаза болған қорықшының отбасына мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін айтты.

Жерлесінің қаза болғаны туралы тараған қайғылы хабар әрбір қоскөлдіктің қабырғасын қайыстырды. Ауыл тұрғындары оны жеке қайғысы ретінде қабылдап, Қаныштың отбасын қолдау үшін бірігіп, көмектерін аямады.

«Біздің ауыл шағын. Бәріміз бір-бірімізді білеміз. Қаныш керемет мейірімді және ақжарқын адам еді. Оны барлығымыз құрметтеуші едік. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қанышымыздың туғандары және ауылдастарымен бірге қайғымызға ортақтасып, көңіл айтқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Марапаттау туралы шешім дұрыс және әділ деп санаймыз. Әрине, бұл баллалар үшін әкесінің, әйеліне жұбайынын орнын толтырмайды. Бірақ оларды осы бір ауыр қасіретімен жалғыз қалмағанан көрсетуде. Қорықшылық жұмыс өте қауіпті және мемлекет деңгейінде адам өмірін қорғау үшін шаралар қабылдау қажет», - дейді Қоскөл тұрғыны Хамзат Жаналинов.

Қоштасу рәсімінен кейін бақилық болған қорықшының денесі туған жеріне апарып жерленді.

 

Хабар 24 телеарнасы