385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баянауыл өңірінде ашық аспан астындағы мұражай ашылмақ

  • 131
  • UPD: 13:52, 26.07.2019

Ертіс өңірінің колледж студенттері мен мектеп оқушылары ғалымдармен бірге киелі жерлерді зерттеуге кірісті.

Осылайша, жастар Баянауыл өлкесінде ашық аспан астындағы мұражай ашуға атсалыспақ, деп хабарлайды «Хабар 24»

Археологиялық қазба жұмыстары Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің Margulan stady жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Баянауыл ауданының Торайғыр көлінің маңында Қазақ хандығынан кейінгі кезеңде өмір сүрген ата-бабаларымыздың қыстақтары алғаш рет зерттеліп жатыр. Археологиялық маусым ашылғалы жас зерттеушілер осындай ондаған қыстақтың орнын тапқан. Солардың бірі - Әбетбұлақ қыстағы.

Гүлзина Жандаксинова, Margulan center орталығының қызметкері:

- Өз кезінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың атасы Әбет деген кісі өмір сүрген. Бұл - нақты тарихи факт. Тарихи құжаттармен расталады. Өз кезінде Щербин зерттеушісінің статистикалық мәліметінде бұл жер Дүржанәбет деп аталған. Және де осында ағаш үйлер, тас үйлер мен киіз үйлер орналасқан.

Қыстақ Ақбет тауының солтүстік-батысында орналасқан. Кешенді қазба жұмыстары бір ай бұрын басталды. Алғашқы олжалар табылып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар нақтыланды. Қазба жұмыстарына «Жасыл ел» жасақтары да қолғабыс жасауда.

Денис Махалин, «Жасыл ел» жасағының мүшесі:

XVIII-XIX ғ.ғ өмір сүрген қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік туды. Осы жерден біз 30-ға жуық қыстақтың орнын таптық. Шағын үйлердің диаметрі 5-6 метр болса, үлкендері 30-40 метрге дейін жетеді. Қорғандар да баршылық. Біз үшін бұл аса қызықты.

Margulan stady жобасының мақсаты да сол - жастарды ата-баба тарихы мен мұрасын зерттеуге баулу. Сонымен қатар археологияның қыр-сырын үйрету.

Диас Нарханов, Баянауыл №2 мектебінің оқушысы:

- Торайғыр ауылында осындай қорғандар бар екенін осы жолы бірінші рет көрдім. Және де маған көп археологиялық  жұмыстар қызық болды. Жұмыс өте қызықты екенін және ауыр екенін түсіндім.

Алдағы уақытта Торайғыр-Сақ қорғандары мен қыстақтардың орнында ашық аспан астындағы мұражай ашылады. Жаңа мәдени нысанды құру шеңберінде Баянауыл өңірінен шыққан дара тұлғалардың өнегелі өмірін таныту да басты мақсаттардың бірі.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Самат Оспанов

Хабар 24 телеарнасы