386,01 428,94 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің жолдары неліктен тез тозады

  • 179
  • UPD: 22:48, 26.07.2019

Алдағы алты жылда облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың 95 процентін жаңарту көзделіп отыр. Оған қазынадан қыруар қаражат бөлінеді. Жолдың жөнделгені жақсы ғой, әңгіме басқада. Сол бір жағынан жөнделіп жатқан жол, бір жағынан бүлініп жатады.

2025 жылға дейін облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың 95 процентін жаңарту үшін бюджеттен қосымша 350 миллиард теңге бөлінеді. Жөн екен. Бірақ қарап тұрсаң, осы кезге дейін жұмсалған қаржы мен уақытты есептесек, ел аумағындағы автокөлік жолдарының толықтай жаңаланатындай кезі болды. Алайда біздегі жолдар мерзімінен бұрын тозады. Неге?

Қорған Төреқожа, тілші:

- Көлік комитеті мамандарының айтуынша, Қазір Қазақстанда 400 мыңнан астам жүк көлігі тіркелген. Оның 55 мыңы өзі аударғыш (самосвал) техника. Біздің жолдарды тоздыратын да осы жүк көліктері. Яғни карьерлерге арналған «өзі аударғыш» (самосвал) көліктерге шамадан тыс жүк артылады.

Бұған әлгі транспорттың салмағын қосыңыз. Осылайша жүргізушілер бірнеше мыңдаған тонна жүкпен жүйткейді. Салдарынан жолдар бұзылады, ауыр салмақты көтере алмай. Мұны жүк таситын көлік жүргізушілерінің өздері де айтып, шамданып отыр.

Александр Гаврилов, көлік жүргізушісі:

- Шамадан тыс жүкпен жүретін транспорттардың салдарынан жолдар әбден бүлінеді. Қатынау мүмкін болмай қалады. Техниканың жалпы салмағы 20 тоннадан аспаса немесе көктемде жер жұмсарған кезде тым ауыр жүкпен жүрмесе дұрыс болар еді. Меніңше, жолдар сапасыздықтан емес, тым ауыр салмақтан тозып кетеді.

Айтса айтқандай, ұлан-ғайыр жерімізде 100 мың шақырымнан артық автокөлік жолы бар. 74 мың шақырымы жергілікті маңыздағы қала және ауыл жолдары. Қазіргі таңда соның бәрін қосқанда тас жолдардың 40 проценті қанағаттандырмайды.

Жалпы жүк көліктері Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Алматы, Ақмола, Павлодар және Қарағанды мен Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында көп жүреді.

Ауыр техникалармен қиыршық тас, құм, көмір және құрылыс материалдары тасымалданады. Жалпы ел аумағында 2 мыңнан астам карьер бар. Заңмен бекітілген талапқа сәйкес, карьерлерде бақылау-өткізу пункті, карьерден шығатын және келетін жүктің салмағын есептейтін өлшеу құрылғысы, басқа да жабдықтар міндетті түрде болуы керек. Дегенмен, қазіргі таңда карьерлердің 5 процентінде ғана өлшеу құрылғысы бар.

Кәрібай Мұсырман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 70 тонналық қытайлық өзі аударғыш көліктер астық тасыған жолдар әбден жаншылып, жеңіл көліктер жүре алмайтын жағдайға ұшырағандығын өз көзімізбен көрдік. Бұл жергілікті жолдарды қалпына келтіруге бөлінген бюджет қаржысы текке желге ұшып жатыр деген сөз.

Бұған биылғы көктемде Қарағанды облысының Киевка мен Осакаровка кенттері аралығында болған жағдай да дәлел. Жүк көлігінің өзі 22 тонна, тиеп алған заты 40 тоннадан асып, салдарынан техника тас жолға кіріп кеткен болатын. Ал облыстық маңызы бар жолдарда мұндай көліктердің жүруіне тыйым салынған.  

Қорған Төреқожа, тілші: 

- Жүк көлігінің білігіне түсетін 1 тонна салмақ күшінен жол төсеміне келетін зардап бір жарым есеге көбейеді. Ал салмақ күші 5 тоннадан асса, жол төсемін пайдалану мерзімі 6 есеге азаяды. Міне, артық жүкті тасымалдаудың салдары осындай. 

Салдарымен күресеміз деп көліктік бақылау органының мамандары өткен бір айдың ішінде 19 600 ден автокөлікті тексерген. Нәтижесінде 390 заң бұзушылық анықталыпты. Оның 350-ге жуығы отандық, 40 тан астамы шетелдік транспорттарға қатысты. Жалпы құны 54 миллион теңге айыппұл салынған.

Тимур Атембеков, ҚР ИИДМ Көлік комтеті ахуалдық орталығының бас сарапшысы:

- Ағымдағы жылдың 6 айынының қортындысы бойынша 77 мың 350 автокөлік құралы тексеріліп мамандармен, 10 мың 354 заң бұзушылық анықталған.

Заң бұзған соң айыппұл төлемес үшін бекітілген талапты орындамай, шамадан тыс жүк артып алған көлік жүргізушілері тоқтамайтыны тағы бар. Дәл осындай оқиға жуырда ғана болды. Көліктік бақылау инспекциясының мамандары Нұр-Сұлтан-Қарағанды автожолында ауыр жүк көлігін тоқтатпақ болады. Бірақ жүргізуші заңды талапқа бағынбай, екі инспекторды қағып, қызметтік көлікке соғылған. 

- Наклейка ештеңесі жоқ. Ойладым гражданский машина, какой-то фирманың машинасы деп. За рулем отыр, гражданский человек мені вот так останавливает. 

Тексеру кезінде техниканың жалпы салмағы 45 тонна болғаны анықталды. Бұл рұқсат етілген салмақтан 2 есеге артық. Көліктік бақылау қызметкерлерін қасақана қағып кету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. 

Қорған Төреқожа, тілші:

- Былтыр көлік бақылау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына құлақ аспаған яғни тоқтамаған жүргізушілерді көлік инспекцияларына мәжбүрлеп жеткізу үшін ішкі істер органдарына 25 хаттама жолданған. 

Елде 48 жылжымалы, 3 стационарлық көліктік бақылау бекеті және арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы бар. Бұл аз. Сондықтан Үкіметке жолдаған сауалдарында мәжіліс депутаттары тонна-тонна салмақпен жүретін техникаларды қадағалайтындар мамандардың да, бекеттердің де санын ұлғайтуды ұсынды. Алайда Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Парламент өкілдеріне жазбаша берген жауабында мамандардың да, бақылау бекеттерінің де саны көбеймейтінін мәлімдеген. Ал қызметкерлердің саны артпаса жолдарды қадағалау құзыретін жергілікті атқарушы органдарға беру керек. 

Алдан Менкеев, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жанындағы арнайы мониоторинг тобының мүшесі: 

- Меніңше, аталған бағыттағы мемлекеттік басқару ісінің механизмін өзгерту керек. Нақтырақ айтсам, республикалық маңыздағы жолдарды салуды жергілікті атқарушы органдарға берген дұрыс. Жолдарда жүк көліктерінің салмағын өлшеумен де әкімдік өкілдері айналысуы қажет. Әйтпесе салынғанына көп бола қоймаған жолдың тоз-тозы шыққан кезде құрылыспен айналысқан компания өкілдері барлығын тиісті технология бойынша салдық,- дейді. Ал көлік инспекциясының мамандары «жолдар сапасыз дегенді» алға тартады. Бір сөзбен айтқанда кінәліні таппайсың. 

Яғни жолдардың сапасына тікелей әкімдер жауапты болса ләзім. Көлік комитеті яки өңірлердегі көліктік бақылау инспекциясы емес. Сол кезде шамадан тыс жүк артып алып жүретін ауыр салмақты көліктерге де тосқауыл қойылмақ. Әйтпесе жаңа жолдар жылда тозады. Оны жөндеу үшін қазынадан кем дегенде 2 жыл сайын қайта-қайта ақша бөлінеді. Ол әрине сіз бен біздің қаржымыз. 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы