386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда зейнеткерлерге арналған би үйірмесі ашылды

  • 161
  • UPD: 10:52, 28.07.2019

Ақтауда зейнет жасындағы тұрғындарға арналған би үйірмесі ашылды. Шығыс және бал билеріне баулу дәрісі тегін жүреді. Қарттығына қарамастан қатысушылар тәлімгердің айтқанын бұлжытпай орындайды.

Игі бастама авторлары өнерге ден қойған қариялардың аз уақытта қимылы ширап, көңіл-күйі жақсарғанын айтып отыр.

Бұл сыныптағы би сабағы күнделікті кестеге сәйкес күндіз өткізіледі. Айырмасы тек, хореграфтың нұсқауын әжейлер орындайды. Әрқайсы жастық шақта қызық болмаған өнерді қарттық кезеңде үйреніп жатыр. Қазір олар бал биінің әліппесін меңгеруді аяқтап қалды. Жібек Оразымбетова осы үйірмеге қатысушылардың бірі. Саналы ғұмырын мұнай өндіру саласына арнаған жан биыл 70 жаста.

Жібек Оразымбетова, зейнеткер:

-Біздің енді жасымыз үлкен. Үйде отырмыз. Қимылдамаймыз. Сол себептен осында келіп үйреніп жатырмыз. Маған өте ұнайды. Денсаулығымызды түзеп жатырмыз деуге деп ойлаймын біріншіден. Жеті сабақ болды осы тұрғанда. Салмағымыз да азайып жатыр. Рахмет бізге осындайды ұйымдастырып жатқандарына.

Ақысыз би үйірмесіне зейнеткерлер аптасына екі рет келеді. Дәріс бір сағат жүреді. Әжейлерді шығыс пен бал билеріне тәжірибелі хореграф Виктория Бережнова баулып келеді. Кәсіби өтілі 15 жылдан асқан тәлімгер алдымен әр қатысушыға арнап жеке дәріс өткізеді. Мұнан соң үйірмеде топтық би сабақтары басталады.

Виктория Бережнова, хореограф:

- Әр сабақ өткен сайын қатысушылардың қимылы ширап келеді. Бірнеше келі салмақ тастағандары бар. Бастапқыдай емес, барлығы да сыныпқа жарқын жүзбен келеді. Олардың көпшілігі би үйірмесіне барудан қорыққанын айтып жатыр. Бойдағы қорқыныш сейілген соң дәріс қызу жалғасуда. Күніне ең кемі 3-4 тәсілдерді үйретіп жатырмын.

Үйірмеде шығыс билерімен қатар аэробика сабағы да қатар жүреді. Тамыздан бастап сыныпта сальса мен румба дәрістері өткізіле бастайды. Қалауы түссе зейнеткерлер йога терапиясына да қатыса алады. Игі бастама авторлары таяуда мүгедек жандарға арналған тегін би сыныбын ашып қойды. Мұндағы үш арнайы арба демеуші қаржысымен Мәскеуден әкелінген.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы