385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында биыл 22 адам суға кетті

  • 169
  • UPD: 17:56, 28.07.2019

Қызылорда облысында жыл басынан бері 22 адам суға кетті. Оның 9-ы – бала.

Айдын-көлдерде төтенше жағдай болдырмас үшін өңірлік жедел құтқару жасақтары барлық тиісті шараны атқарып жатыр. Дегенмен аймақта бар болғаны 2 құтқару бекеті жұмыс істейді. Ол станциялардың да материалдық-техникалық жабдықталуы талапқа сай емес. Сонымен қатар жедел құтқару жасағы мекемесінің автопаркі соңғы 4 жылда мүлдем жаңартылмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қамбаш көліне жұмыс күндері мың жарым, ал сенбі-жексенбіде 3 мыңнан астам адам шомылуға келеді. «Аққұмшық» аталып кеткен 1 шақырымдық жағалауды 11 құтқарушы полиция қызметкерлерімен бірге күндіз-түні торуылдайды. Жуырда ғана моторлы қайық пен су бетінде зуылдайтын скутер аударылып, тереңге бата жаздаған 3 адам аман-есен жағаға жеткізілді. Демалушылар арылмайтын Қамбашта типтік станция жоқ. Қолда бар азын-аулақ техникамен бірнеше ауданға қызмет көрсетіп отыр. 

Елдос Жиенәлиев, жедел құтқару жасағының бөлімше басшысы:

– Әрекет аймағымыз – Арал ауданы, Қазалы ауданы. Сондай-ақ Қармақшы ауданының Байқоңыр қаласына дейін. Орын алған төтенше жағдайларға барып, жоямыз. Сондай-ақ балықшылармен жұмыс істеп жатырмыз. Балық аулау маусымында оларға мекеме тарапынан хаттар таратылып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Қамбаш көлінің жағасындағы 2 гектар жерге демалушыларға қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандар орналасқан. Жағалаудағы тазалық әзірге сын көтермейді. Осы ретте «Қамыстыбас» тұқымбағы мен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері өңірдегі су айдындарын қоқыстан арылту шараларына атсалыспақ.

Марат Нұрмағамбетов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының м.а:

– Арал ауданында Сырдария өзенінің кіші Арал теңізіне құяр сағасын, Қамыстыбас көлінің халық демалатын жағалауында тазалау жұмыстарын белгіледік. Іс-шара бойынша Қызылорда қаласында Сырдария өзенінің бойына толықтай тазалау жұмыстарын белгіледік. Сонымен қатар Шиелі ауданындағы Хан Қожа көлі, Бәйгеқұм станциясындағы халық көп шоғырланатын демалатын жерлерді белгіледік.

Суға батқан адамды құтқару және алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін меңгерген жасақ сарбаздары зерттелмеген аумақта суға түспеу жөнінде тұрғындарға ұдайы ескертіп отырады. Әзірге нәтиже мардымсыз.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы