386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде полиция қатарына қабылдау жеңілдетілді

  • 226
  • UPD: 17:57, 28.07.2019

Қазақстанда полиция қатарына қабылдау жеңілдетілді.

Саладағы соңғы реформалардың нәтижесінде қағазбастылық пен жемқорлыққа әкелетін тетіктер жойылып, жас мамандарды жұмысқа алудың механизмі жетілген. Қазір тәртіп сақшыларының сапы білімді жас қыз-жігіттермен толығып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Роман Асқаров. Жасы 31-де. Шені – кіші лейтенант. Романның полиция қатарына қосылғанына  жарты жылға жетер-жетпес қана уақыт болды. Соған қарамастан тергеуші қызметін атқарады. Жас мамандарды жұмысқа тартудың жаңартылған жүйесі осылай барлық кедергіні алып тастап, қыз-жігіттердің жауапты қызметке бірден ден қоюына негізделген. Соның арқасында саладағы еңбек өнімділігі өсіп, жұмыс сапасы арта түскенін алға тартады мамандар. Айтпақшы, қазір полиция қызметкері атану үшін арнайы академияны аяқтаудың қажеті жоқ. Мәселен, кейіпкеріміздің экономика және заң салаларында ғана жоғары білімі бар.

Роман Асқаров, Есіл аудандық полиция басқармасының тергеушісі:

– Қазір білім болса, заңды біліп тұрса, физикалық дайындығы жақсы болса жұмысқа орналасуға болады. Бізде, тергеуде, көбіне білімге келіп тіреледі. Білімің болса, қатты қиыншылық болмайды.

Диас Рақымжанов, Есіл аудандық полиция басқармасының тергеушісі:

– Қатарымызға Роман сияқты жас мамандар келгенде білген-түйгендерімізді үйретіп, бірер ай тәжірибе алмасамыз. Жұмыс барысында туындаған мәселерді шешуге көмектесеміз. Кейін әбден үйренісіп, қылмыстық істерді өз бетімен тергей береді.

 Иә, жұмысқа алғанға дейінгі қарбаластың азайғанымен қатар, жұмысқа алынғаннан кейінгі ынталандыру тетіктері де күшейтілген. Мәселен, жас маман тәжірибеден өткен бастапқы уақыттың өзінде толыққанды айлық алады. Бұған қоса, бірінші шілдеден бастап полиция қызметкерлерінің жалақысы 65 процентке өсіп, пәтер жалдауға берілетін көмектің көлемі де ұлғайды. Яғни, қатарға жаңадан қосылған қыз-жігіттердің ешқандай уайымсыз қызмет етуіне барлық жағдай жасалып жатыр.

Рустам Шәрібаев, қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары:

– Бұрын полицей болу үшін үміткерлер кабинеттен-кабинетке шапқылап, біраз құжат жинау керек болатын. Біз осындай кедергілердің барлығын алып тастадық. Қазір байқаулар барынша ашық және жылдам өтеді. Полиция қатарына көзінде оты, бойында жігері бар кез-келген адамды қабылдауға дайынбыз. Ең бастысы – ол өз білімі мен біліктілігін саланың дамуына жұмсап, ел игіліне қалтықсыз қызмет етсе болғаны.

Елордадағы полиция департаментінің басшылығы да жұмысқа қабылдау жүйесі барынша жеңілдетілгенін алға тартады. Тіпті, қосымша сұрақтарға жауап беру үшін және жемқорлық фактілерін болдырмау үшін әлеуметтік желідегі белсенділікті де күшейткен. Яғни, кез-келген адам департамент басшылығымен тікелей байланысқа шығып, жұмысқа қатысты мән-жайды біле алады. Пайда болған кедергілерді айтып, арыз-шағымын жеткізуге де мүмкіндігі бар.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ғани Алшымбаев 

Хабар 24 телеарнасы