386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік кәсіпкерлер туған жерді түлетуге белсенді атсалысуда

  • 190
  • UPD: 17:53, 28.07.2019

Ақтөбе облысындағы Алға ауданының кәсіпкерлері туған жерді түлетуге белсенді атсалысып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы үш жылда 1 млрд теңге жұмсап, бірнеше ауылдағы әлеуметтік нысандарды жөндеген. Белсенді азаматтардың көмегімен биыл да 21 жоба жүзеге аспақ. 

Венера Ережепова – туған жеріне көмек көрсетіп жүрген кәсіпкерлердің бірі. Былтыр облыстағы тұңғыш коворкинг орталықты Бестамақ ауылында ашты. Игі бастама оқушылар мен жастарды тәрбиелеуге қомақты үлес қосты. Түрлі үйірмелер тұрақты жұмыс істеп тұр. Кейде ауыл ақсақалдары да келіп, оларға ақыл-кеңестерін береді. 

Венера Ережепова, кәсіпкер:

– Кәсіпкер болғаннан кейін елге өзіміздің көмегімізді тигізгіміз келеді. Балалардың осындай демалыс уақытында үйірмелерге келіп, кітап оқығаны өз-өзін дамытқаны біз үшін үлкен мақтаныш, қуаныш деп ойлаймын.

Венера секілді ауылын түлетуге үлес қосып жүрген кәсіпкерлер бұл ауданда аз емес. Облыс көлемінде қолға алынған «Туған жерге тағзым» акциясы басталғалы бері 150-ден астам жобаны іске асырған. Бірі елді мекендегі тозығы жеткен дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізсе, енді бірі демалыс орталығын салып, жерлестеріне үлкен сый жасады. Әйгілі батыр Есет Көкіұлының ескерткішін тұрғызып, тасжол төсеген абзал азаматтар да бар .

Әнуарбек Қонжар, Алға ауданы әкімінің орынбасары:

– Кәсіпкерлердің өзінің «Туған жерге тағзым» акциясын әрі қарай жалғаймыз. Мысал ретінде, өзіміздің Көлтабан ауылымызды айтып кете аламыз. Үлкенді-ұсақты ауыл шаруашылық басшылары бірігіп, ауылдағы мектептің спорт залы төбесін жабуға ұйымдасып жатыр. Сонымен қатар Көптоғай ауылындағы мектептің ішкі жылу жүйелері ауыстырылады.

Биыл кәсіпкерлердің көмегімен 20-дан астам жоба жүзеге аспақ. Оның жалпы құны 187 млн теңгені құрайды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы