389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бурабайдағы туристерге қызметтің бағасы мен сапасы қашан теңеседі

  • 217
  • UPD: 22:16, 29.07.2019

Бурабай курортты аймағына демалуға келетін туристердің қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жазда көрікті өлкені тамашалауға 400 мыңнан астам адам келсе, биыл бұл көрсеткіш 700 мыңға жетеді деген жоспар бар.

Бірақ туристер көбейгенімен ондағы қызмет сапасының кем-кетігі азаймай тұр. 

Бурабайдағы ыңғайсыздықтардың бірі әрі бірегейі – бұл көлік тоқтайтын орындардың аздығы. Ал ыңғайлы деген автотұрақтар ақылы. Әр көлік үшін 500 теңгеден басталады. Автотұрақтардың жетіспеушілігі салдарынан көлік жүргізушілері өз темір тұлпарларын көлік тоқтауға болмайтын жерлерге қойып кетуге мәжбүр. Ал мұның соңы түрлі келеңсіздіктерге алып келуі әбден мүмкін.

Максим Дашков, турист /Ресей/:

- Жол бойында көлік қоятын жер жоқ. Бурабайдың ішін аралап келе жатып, әдемі жерлерге тоқтап, фотоға түскің келеді. Бірақ, барлық жерде сары жолақ. Яғни тоқтауға болмайды. Ал тоқтай қалсаң полиция келеді де айыппұл салып береді. Осы жері сәл ыңғайсыздау. 

Ал көлігіңізді қойып, жайғасуға қамдансаңыз, қарапайым әжетханадан бастап, жағадайда жатып, көлге түсудің өзі қалтаңызды ортайтып жібереді, - демалушылар. Жаз келсе, жатын орындар да қымбаттап кететін әдеті бар. Мәселен, қонақүйлерде қазір адам басына тәулігіне 10 мың теңгеден кемі шамалы. Демалу маусымында өз үйлері мен шағын үйшіктерді жалға беретіндер де қыруар пайда табады.

Светлана Малиновская, турист /Қарағанды обл/:

- Бізге өткенде мына жерде 2-3 адам ғана сыятын шағын үйді тәулігіне 20 мыңға ұсынды. Біз 7 адам болғандықтан сондай екі үйшік керек болды. Ал 10 күнге келгенімізді есептесек, 400 мың теңгеге шығындалайын деп тұрмыз. Сол себепті арзандау жер іздеуге мәжбүр болдық.

Бағалардың көтерілгенін жалға берушілердің өздері де мойындап отыр. Ал мұның себебін олар жаздың қысқалығымен түсіндіреді. 

Шарбан Қайроллақызы, жеке кәсіпкер:

- Күн ыстық кездері бағасы көтеріледі пәтерлерге, домиктерге, жәй үйлерге. Ал күн салқында пәтерлердің нелері арзандайды. Өткенде бір естідім, 100 мыңға коттедж беріп жатқандар бар дейді. Ондай коттедж болған жоқ. Болса бір 30 кісі сыятындай коттедж болған шығар. Бізде 10-15 кісі сыятын коттедждер ғой. Оны мен беремін 35-40 ыстық күні. Ал салқын күндері 20-25.  

Алайда жалға берушілер мен қонақүй иелеріне ешқандай шектеу жоқ. Бизнес болған соң оларды ешкім қадағалай алмайды. Дегенмен, сала мамандары, ертерек қамданса, көңілге қонымды бағадағы демалыс орындарын табуға болатынын айтады.

Марат Иғали, облыс әкімінің орынбасары:

-7-9 мыңнан тұрады бір күнде. Сосын хостелдар бар. Оның бәрін «визитақмола» сайтында көре аласыз. Бірақ, жаз болғаннан кейін оны бір-екі аптаның алдында бронировать ету керек. Ал былай бұл бағаның мәселесі деген жаңа курорт салып жатырмыз «Ақ бура» деген. Отельдер жоспарлап отырмыз көп саламыз деп. Оның бәрін жүзеге асырсақ жоспар бойынша бағалар төмендейді деп санаймыз. 

Осылайша баға саясаты бәсекелестік күшейгенде ғана реттелмек. Ал, жаз мезгілінде, әсіресе, демалыс күндері Бурабайдағы кептеліс мәселесін қалай шешуге болады? Ол үшін алдағы екі жылдың ішінде курортты аймаққа кіретін екінші көше іске қосылмақ. Бірақ автотұрақтарды кеңейту жағы басы ашық күйінде қалып отыр. Себебі, ағаштарды кесуге ұлттық парк рұқсат бермейді. Дегенмен, салаға жауаптылар «бұл мәселені жан-жақты қарастырып жатырмыз» дейді. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы