386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысындағы Көлсайға демалуға келушілер қатары көбейді

  • 157
  • UPD: 22:49, 29.07.2019

Алматы облысында курортты аймақтардың инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары қызу жүріп жатыр.

«Көлсай көлдері» ұлттық табиғи саябағына өткен жылы тақтайдай тегіс жол төселген. Бұл келушілер қатарын арттыруға оң әсер етті. 

Отандық және шетелдік туристерді негізінен Алатаудың маржанына айналған «Көлсай көлдерінің» тұмса табиғаты қызықтырады. Мұнда үш көл бар. Олар теңіз деңгейінен 1818, 2252 және 2850 метр биіктікте орналасқан. Алматы облыстық туризм басқармасы мен өңірлік туризм және ақпарат орталығы ұйымдастырған ақпараттық тур барысында журналистер тауды атпен аралап, екінші көл мен Қайыңдыға дейін барып қайтты. 

Мейрамбек Қуанышұлы, облыстық туризм және ақпарат орталығының бөлім басшысы:

- Жылына 5 ақпараттық тур өткіземіз. Өздеріңізге белгілі, көктемде Шарын мемлекеттік табиғи паркінде өткіздік. Осы 25-27 шілде аралығында Көлсай көлдерінде, болашақта өзіміздің брендке айналған Сиверс алмасы өсетін Жоңғар Алатауының Жасылкөлінде, Іле Алатауы сияқты 5 ұлттық табиғи парктерге ақпараттық турлар өткізіледі.

Әміржан Малыбеков, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры:

- Әрине мынау ішкі туризмді дамыту жөнінде қазір үлкен мәселелерді көтеріп жатыр. Сондықтан біз жақында «Қазақтуризмммен» келісімшартқа отырғалы жатырмыз. Болашақта ұлттық парктің жұмысын жақсарту үшін біз бас жоспарды қайта қараудамыз.

Бас жоспар қайта қаралып, мақұлданса, мұндағы туристік бағыттардың саны артады. Әзірге «Көлсай көлдерінде» екі соқпақ, 4 маршрут бар. Табиғи паркке 2017 жылы 35 мың, өткен жылы 41 мың демалушы келді. Биыл бұл көрсеткіштің 1,5 есеге артқаны байқалады. Бұған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Көлсайға дейін жаңа автожол төселуі оң ықпал етті.

Филипп Миранда, саяхатшы /Португалия/:

- Маған Көлсайдың табиғаты мен қазақтың ұлттық тағамдары қатты ұнады. Таудың басында мынандай сұлу көлдер болады деп ойламаппын. Бұл өз көзіммен көрген әлемдегі ең әдемі курортты аймақтардың бірі.

2007 жылы құрылған «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінің жалпы аумағы 161 мың гектар. Бұл мемлекеттік мекеме 130-дан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Жетісудың жауһарына айналған осы қасиетті де киелі мекеннің инфрақұрылымы дамуы арқылы оның етегінде тұратын халықтың жағдайы да жылдан жылға жақсарып келеді. Қазір Саты ауылындағы 100 шақты отбасы үйлерінде турист қабылдауда. Болашақта мұнда заманға сай қонақ үйлер мен демалыс орындары бой көтеретін болады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы