386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жол ережесін бұзатын жүргізушілердің саны азаймай тұр

  • 145
  • UPD: 08:26, 30.07.2019

Елімізде жүргізушілердің көбі көлікті қауіпсіздік белдігін тақпай жүргізеді.

Мұнымен қоса рөлде отырып телефонмен сөйлеседі. Осындай мыңдаған заңбұзушылықты елімізде өткен республикалық «Қауіпсіз жол» акциясы аясында жол сақшылары анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атырау облысында жол-көлік оқиғалары азаймай тұр. Сондықтан полицейлер бақылауды күшейтті. Енді олар қызметтік көліксіз де айыппұл сала алады. Себебі жауапсыз жүргізушілер арнайы автокөлік кездессе ғана, жылдамдықты азайтатын болған.

Ал маңғыстаулық полицейлер бес күн ішінде екі мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырды. «Азаматтардың белгіленген жылдамдықты асырып және ешқандай құжатсыз машина айдауы күнде көрініс табады», - дейді тәртіп сақшылары. Сондай-ақ көлік рөлінде отырып, ұялы телефонмен сөйлесудің соңы қайғылы оқиғаға әкеп соғуда. Өкінішке қарай өткен аптада тіркелген жол көлік оқиғасында үш адам ауыр жараланып, жүкті әйел қайтыс болды.

Байжан Базар, облыстық ПД ЖПҚ жол-патрульдік қызметі батальонының инспекторы:

– Іс шара барысында Маңғыстау облысы бойынша 2688 әкімшілік-құқықбұзушылық дерегі анықталды. Оның ішінде қауіпсіздік белдігі тағылмаған жөнінде, көлік құралын басқарып отырып телефон қолданғаны үшін және белгіленген құжаттардың өзімен бірге болмағаны үшін әкімшілік хаттамалар жасақталды.

Қостанай облысында аталған акцияны ұйымдастыруға 410 полиция қызметкері жұмылдырылды. Олар бес күнде 2,5 мыңға жуық заңбұзушылықты анықтады. Көлікті мас күйінде тізгіндегені үшін 67 адам ұсталды. Жалпы «Қауіпсіз жол» шарасы барысында елді мекендерде уақытша бекеттер ұйымдастырылды.

Виталий Цой, жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары:

– «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы барысында Қостанай облысының аумағында 6 жол көлік оқиғасы болды. Өкінішке орай бір адам қаза тауып, 7 адам түрлі дене жарақатын алды.

Ақмола өңірінде аталған акция аясында жол жүру құжатынсыз көлік басқарған 110 жүргізуші ұсталды. Олардың 16-сы бұдан бұрын құжатынан заң жүзінде айрылғандар. Қалған 100 шақты жүргізушінің мәселесі енді сотта қаралатын болады.

Серік Баймұқанов, облыстық жергілікті полиция басқармасының бастығы:

– Акция аясында республикалық маңыздағы жолдарда уақытша бекеттер қойылып, жүргізушілермен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ал заңбұзушылықтардың көбісі жылдамдықты асыру және қауіпсіздігін белдігін тақпау болып отыр. Мұндай іс-шараларды алдағы уақытта ай сайын өткізіп отырмақпыз.

Ал еліміздің солтүстігінде осымен үшінші мәрте мас күйінде көлікке отырған азамат құрықталды. Жол сақшыларының айтуы бойынша, қазір өңірде мұндай жүргізушілердің саны азаймай отыр. Мәселен биылғы жылдың алты айында 650 адам көлікті ішімдік ішіп басқарған. Оның 561-і – қателіктерін қайталағандар.

Баян Байғаскина, облыстық полиция департаменті ЖПҚ басқармасының инспекторы:

– Шара барысында Есіл ауданында бір азамат көлік құралын масаң күйінде жүргізгені үшін 2005 жылы ұсталып, 2017 жылы  осы құқық бұзушылығы үшін қайтадан ұсталынған. Және биылғы жылы үшінші рет ұсталып, 100 тәулік бойы қоғамдық жұмыстарға тартылды.

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Жалпы жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 95 жол көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 11 адам қаза тапқан екен. Бұл сәйкесінші мерзіммен салыстырғанда біршама төмен.

Авторы: Самат Қайырденұлы

Хабар 24 телеарнасы