386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында шілде айында жол апатынан 43 адам қаза тапқан

  • 125
  • UPD: 08:27, 30.07.2019

Алматы облысында шілде айында жол-көлік апатынан 43 адам қаза тауып, 140 жолаушы түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полицейлер жыл басынан бері 1200-ден астам жол апатын тіркеді.  Мұндай қайғылы статистиканың басты себебі не?

«Алматы – Өскемен» республикалық тасжолының Талдықорғанға дейінгі ұзындығы 220 шақырымдық бөлігі үш жыл бұрын пайдалануға берілді. Содан бергі уақытта осы тақтайдай тегіс жолдың үстіндегі жол апаттары жиілеп кетті. 

Виктор Корчак, жүргізуші:

– Жүргізушілер өздеріне үлкен жауапкершілік жүктелетінін түсінбейді. Ішімдік ішіп алып, рөлге отыратындар да бар. Біздің қатарластарымыз бір-біріне құрметпен қарайтын. Қазіргі жастарда ондай жоқ. Жарығы көзді ауыртатын шамдарды салып алып жүреді. Өздеріне жақсы болса болды, өзгені ойламайды.

Осындай олқылықтардың салдарынан Алматы облысында шілде айының өзінде 50 шақты адам жол апатынан қаза тауып, 140 жолаушы жарақат алды.

Мейрамбек Әлшериев, жүргізуші:

– Қазір бәріміз асығыспыз ғой. Асығыс жүреміз. Адамдардың өздеріне байланысты барлық нәрсе. Асықпаған дұрыс. «Асыққан шайтанның ісі» дейді.

Саят, жүргізуші:

– Жас балалар қатты жүреді, Ақырын жүру керек. Жол жақсы, қатты жүрудің қажеті жоқ.

«Жол-көлік апаты негізінен жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы мен жол жүру ережесін сақтамауы салдарынан туындайды», - дейді полиция қызметкерлері.

Серік Үпиев, Алматы облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілі:

– Полиция тарапынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында рейдттер тұрақты түрде өткізіледі. Дегенмен жол-көлік оқиғаларының басты себебі – ол жол ережелерін өрескел бұзу, яғни жылдамдық тәртібін сақтамау, жолдың қарсы бағытына шығып кету. 

Алматы облысында жыл басынан бері 1200-ден астам жол-көлік апаты болып, салдарынан 200-ден астам адам ажал құшты. 1609 жолаушы түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы