386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық саяхатшы 6 жылда ақшасыз 30 елді аралаған

  • 316
  • UPD: 08:28, 30.07.2019

Алматылық Сергей Бондаренко – ерекше жиһанкез. Өйткені ол саяхатқа шығу үшін қаржы жинамайды.

Жолға ақшасыз, жаяу шығып, көздеген жеріне жетеді екен. Жақында ол Біріккен Араб Әмірліктерінен оралды. Енді Америка Құрама Штаттарына жол тартпақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүкіл әлемді шарлап, саяхат жасаймын деген Сергей Бондаренконың ойында мүлдем болмаған. Ол мұндай шешімге аяқасты үйсіз, жұмыссыз қалған кезде барады. Ең алғаш рет 2013 жылы көктемде Алматыдан Мәскеуге жол-жөнекей кетіп бара жатқан көліктерге мініп жетеді. Сол жазда бүкіл Ресейді аралап шығады.Содан бергі 6 жыл шінде ол 30 ға жуық елде болды. Бұл жолы Дубайдан оралды.

Сергей Бондаренко, саяхатшы:

– Мен осылай саяхаттай бастағаныма еш өкінбеймін. Қаншама ел көрдім. Жер көрдім. Көзқарасым, адамдарға деген қарым-қатынасым өзгерді. Қысқаша айтқанда, ой-өрісім өсті десе де болады. Саяхаттаймын деген адамға ештеңе кедергі бола алмайтынын ұқтым. Мен алғаш сапарға шыққанымда ағылшын тілін мүлде білмейтінмін. Қазір еркін меңгеріп алдым. Таза сөйлеймін. Жүрген жерімде Қазақстан туралы, оның табиғаты, халқы, туристік нысандары туралы айтып жүрем. Көбісі қызығып сұрап жатады. Мен келіңіздер, көріңіздер деймін.

Саяхатшының сапары түрлі хикаяға толы. Жол дорбасы ұрланып, далада қонып, аш қалған кездері де болған. Бірақ ешқашан орта жолдан қайтпаған. Қайырымды адамдардың арқасында діттеген жеріне жетіп отырған.

Сергей Бондаренко, саяхатшы:

– Менде мұның алдында арқаға асатын басқа жолдорбам болған. Сонда барған елдердің туларының белгісін жапсырып қоятынмын. Оның үстіне мен шетте жүргенде еліміздің туын ұстап жүремін. Адамдар соны көріп өзі жақындап, қайдан екенімді сұрап біліп жатады. Шын ниетімен риясыз көмек ұсынатын адамдар барлық жерде бар. Тегін қондырып, тегін тамақтандырады. Кейде жолым болмай жатса, әлеуметтік желі арқылы көмек сұраймын. Міндетті түрде жәрдем ұсынатындар болады.

Сергей Бондаренко енді Америкаға жол тартпақ. Қазір демеушілерінің көмегімен визаға қажетті құжаттарын рәсімдеп жатыр. Төрт құрлықты осылай көк тиынсыз аралап шығуды мақсат еткен. Кейін жолсапар хикаялары туралы кітап жазып шығармақ.

Хабар 24 телеарнасы