386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалықтар Сарыбұлақтың санитарлық жағдайына алаңдаулы

  • 127
  • UPD: 13:37, 30.07.2019

Елордалықтар бас қаладағы су қоймалардың бірі – Сарыбұлақтың санитарлық жағдайына алаңдаулы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір кездері аймақтағы ірі су көздерінің қатарында болған ол қазір тартылып, әбден ластанған көрінеді.

«Сарыбұлақтан сән кетті». Бас қаладағы ең лас су көздерінің біріне жақын тұратын тұрғындар бұл сөзді жиі айтады. Олардың айтуынша, бір кездері өзен суы тұнық әрі таза болыпты. Ал қазір қараусыз қалған. Жағаны жағалай өскен жабайы өсімдік былай тұрсын, қоқыс та уақытылы жиналмайтын көрінеді. «Ал қолқаны қапқан жағымсыз иіске кейде шыдау мүмкін емес», - дейді елордалықтар.  

Светлана Валяева, қала тұрғыны:

– Біз мұнда балаларымызбен қыдырамыз. Тазалық туралы айтудың өзі артық. Бүлдіршіндерді бұл жерге жолатпауға тырысамыз. Олар мұнда суға түсуге келеді. Күн ыстық болғанда көпірдің астына шомылуға жиналатын.

Өзеннің бұл бөлігі Бөгенбай батыр көшесіне жақын. Дегенмен Конституция көшесін қиып өтер тұсын да таза дей алмаймыз. Бір кездері арнасына сыймай аққан су бұл жерде біртіндеп жіңішкеріп, бұлаққа айналған.   

Клавдия Албатова, қала тұрғыны:

– Өзеніміз бұрынырақта таза болатын. Ал жауаптылар бастапқыда жағаға тас төсейміз деген. Алайда бәрі сөз күйінде қалды. Енді қоқыстың ортасында өмір сүруге мәжбүрміз. Әкімдікке де сан рет ескерткенбіз. 

Қалалық әкімдік бұл жайттан хабардар. Тіпті Сарыбұлақтың ең лас су көзі екенін де растап отыр. 2013 жылы оны қалпына келтіру жұмыстары қолға алыныпты. Алайда сөз бен іс қабыспай, өзен суы ластана түскен.

Аржан Бұғыбаев, қалалық ортаны регенерациялау басқармасының басшысы:

– Су ластануының үш көрсеткіші бар. Су бетінің ластану индексі, ерітілген оттегі және оттегіні биохимиялық қолдану. Сарыбұлақта бұл көрсеткіштердің біреуі ғана талапқа сай келеді. Сондықтан ол – қаладағы ең лас су көздерінің бірі. Қазір басқарма 4,4 шақырымға созылған екі аумақта құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар күзде аяқталады. 

Жобаны жүзеге асыру үшін биыл қаражат бөлініпті. Оған сай 7 метрлік бетон су өткізгіш салынбақ. Құрылыс жұмыстары бір айдың көлемінде басталмақ.

Авторы: Адилгады Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы