386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2025 жылға дейінгі «Нұрлы жер» жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданады

  • 192
2025 жылға дейінгі «Нұрлы жер» жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданады

ҚР премьер-министрі А.Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр осы жылы 6 ай ішінде тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылғанын, бұл 2018 жылғы деңгейден 15,5%-ға жоғары екенін айтты. 1 теңге мемлекеттік қаражатқа 7,4 теңге жеке инвестиция тартылды, деп жазады primeminister.kz.

«Осы жылдың соңына дейін 118 мың тұрғын үй салуды жоспарладық. Жарты жылдық қорытынды бойынша 48 925 тұрғын үй берілді. Тұрғын үйді уақытылы беру үшін құрылыс алаңдарына инженерлік коммуникация жүргізуге 81,7 млрд теңге қарастырылған», – деді Р.Скляр. 

Жарты жылдық қорытынды негізінде қаржыландыру жоспары бойынша өңірлерге 36,8 млрд теңге аударылды, оның 35,8 млрд теңгесі немесе 96,1% игерілді.

«ЖАО-да кезекте тұрғандар үшін сатып алмай жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 32,8 млрд теңге көзделген. Өңірлерге 14,9 млрд теңге аударылды, 14,8 млрд теңге немесе 99% игерілді. Биыл кезекте тұрғандар үшін 6 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. 1 шілдеде 924 пәтер берілді», – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 50 млрд теңге қарастырылды. Қаржыландыру жоспары бойынша өңірлерге 9,7 млрд теңге аударылды, оның 9,6 млрд теңгесі немесе 99,6% игерілді. Барлық көздерден 7482 пәтер беру жоспарлануда. Мамыр айынан бастап 1619 көп балалы отбасына тұрғын үй берілді.

Сонымен қатар Р.Скляр жұмыс істейтін жастардың еңбек ұтқырлығын қамтамасыз ету үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 2019-2021 жылдары жылына 1 мың жалдамалы пәтер салу жоспарланғанын атап өтті.

«Бұл 2019, 2020 және 2021 жылдары жұмысшы жастарға 3 мың жалға берілетін пәтер беруге мүмкіндік береді», – деп нақтылады министр.

Аз қамтамасыз етілген отбасыларды жылдық 2%-бен жеңілдікпен несиелендіру аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 50 млрд теңге бөлінді. Өңірлер арасындағы несие беру лимиттері кезектегілер санына барабар анықталған.

15 шілдеде банк төлем қабілеттілігін алдын ала бағалау бойынша кезекте тұрғандардан өтініш қабылдауды бастады. Қарауға 9,9 млрд теңге сомасына 920 өтініш түсті. Несие беруге 1 млрд теңгеге 91 өтінім мақұлданды.

Елбасының тапсырмаларын іске асыру аясында «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеуде тұрғындарды жылумен, сумен жабдықтау және су бұру, коммуналдық секторды жаңғырту және үйлерді жөндеу мәселелері бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде қолданыстағы және жаңа іс-шараларды қаржыландыру тетіктері пысықталуда. Жыл соңына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа редакциясын бекіту жоспарлануда.

Хабар 24 телеарнасы