386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана LRT» құрылысының жобасы оңтайландырылды

  • 159
  • UPD: 20:44, 30.07.2019

«Астана LRT» жырына нүкте қойылар күн алыс емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сынға алғаннан кейін жоба қайта қаралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оңтайландырылған жоба бойынша миллиардтаған қаржы үнемделетін болды. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов айтты. Жеңіл рельсті траснспорт құрылысында қандай өзгерістер болады?

«Құны қымбат, өзін өзі ақтауы күмәнді жобадан бас тартайық» дегендер болды. Қаланың көркін кетірген бағандарды бұзып тастағысы келгендер табылды. Алайда құрылысы жалғасады. Президент пәрмен берісімен, жауаптылар жылдамдатып жобаны қайта қарады. Бастапқы жобадан айырмашылығы - біраз қысқарту болды. 19 жылжымалы пойыз құрамы 12-ге дейін азайды.18 аялдаманың жетеуі алынып тасталды. Себебі, жолаушылар саны бірнеше есе аз болуы мүмкін. Ең бастысы, қаржыландыруда өзгерістер бар.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

Қытай даму банкінен займ алу қарастырылған болатын. Жобаның құны 1,8 млрд АҚШ доллары болса, ал 20 жылдан кейін қайтарылуымен 2,6 млрд АҚШ долларын құрауға тиіс болатын. Сондықтан Үкімет тарапынан бұл жобадан бас тартылды. Ішкі займға көшетін болдық. Осындай шешім қабылдады. Нәтижесінде 800 млн АҚШ доллары үнемделеді.

Елдегі екінші деңгейлі банктер және қаржы институттарымен облигацияларды орналастыру шарттары қарастырылған. Қала басшысы зейнетақы қорынан қаржы алынады деген қауесетті де жоққа шығарды. Одан бөлек, Қытай тарапынан келісімшарт құнына салықты қосу туралы келіссөздер басталған. Оңтайландыру мұнымен шектелмейді. Жол бойындағы жерасты өткелдерінің саны азаяды. Нәтижесінде 40 млрд теңге үнемделеді. Пойыз кестесінде де өзгеріс бар. Яғни, баста айтылғандай әр 3 минут сайын емес, 10 минут сайын жүреді. Мұның өзі 15 млрд теңгені үнемдейді.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Сонымен қатар халықаралық тәжірбиені ескере отырып, Лондондағы Хитроу әуежайы, Хитроу-экспресс, Мәскеудегі Шереметьево Аэроэкспресс секілді, Абу-Даби Плаза ғимаратында жолаушыларға әуе рейстеріне тіркелу қарастырылып, аэровокзал қағидасымен одан әрі әуежайға бару қарастырылады.

Сонымен, бастапқы есептеулерден бюджет қаржысын үнемдеу 1, 2 млрд долларды құрады, Яғни 800 млн доллар займға қызмет көрсету және 350 млн доллар құрылыс-монтаж жұмыстары есебінен қысқармақ. Жобаның іске асуы айтылған брифингте «Астана LRT» ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды.

Бекмырза Игенбердинов, «АСТАНА LRT» ЖШС басқарма төрағасы

- Күдіктінің ұстау туралы сот сырттай шешім шығарды. Халықаралық іздеу жарияланды. Бұл іске қатысты тергеу амалдары жүріп жатқандықтан, өзге ақпараттарды жариялай алмаймыз. Бұл мәселе 2008 жылдан бері айтылып келеді.

ЛРТ-ның қазіргі басшылары қоғамдық көлік шығындарының субсидияланатынын айтады. Ол үшін бірнеше жолын қарастырып жатыр

Жобаға жауаптылар, бастапқыда жолаушылар саны 10 мыңнан асады деп болжам жасап отыр. Жалпы жоба өзін өзі ақтайды деген үміттері бар. Аялдамаларда, жерасты өткелдерінде халыққа түрлі қызмет көрсету орталықтарын ашу жоспарда.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы