386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада «Таза вокзал» акциясы аясында үш адам жауапкершілікке тартылды

  • 183
  • UPD: 20:39, 30.07.2019

Билетсіз жолаушылар, алып-сатарлар мен мазасыз таксистер. Темір жол аумағында оларды қаншалықты жиі кездестіруге болады?

Осыны тексеру үшін елорданың Көліктегі полиция департаменті қызметкерлері көлік бақылау инспекциясы өкілдерімен бірге «Таза вокзал» ациясын ұйымдастырды.

Рейд барысында билетсіз жүргендерді де, алып-сатарларды да кездестірмедік. Ал ескі вокзалды торауылдаған таксистер мен жалға үй берушілерді көрмеу мүмкін емес. Әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, оларды «Қоғамдық орында тиісу» фактісі бойынша жауапқа тартуға болады. Бірақ барлығын емес. Тек кенедей жабысып, «керек жерге апарамын» деп мазаңды алатын таксистерді ғана. Оның өзінде бейне дәлеліңіз болу қажет.

Абай Қилыбаев, Нұр-Сұлтан станциясы желілік полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы:

- Егер таксистер мен үйді жалға берушілердің арнайы патенті немесе рұқсат қағазы болмаса және олар өз қызметін ұсынып, тұрғындардың соңынан қалмай жүрсе ғана біз «Қоғамдық орында тиісу» фактісі бойынша әкімшілік жаза қолданамыз. Ал темір жол алаңында тұрып «Такси» немесе «Квартира» деп айтқаны үшін олар жауапқа тартылмайды.

«Таза вокзал» акциясы аясында соңғы үш күнде үш адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алғаш рет ұсталған азаматтар тек ескертумен шектеледі бұл жолы. Заңбұзушылықтар қайталанған жағдайда айыппұл салынады.

Абай Қилыбаев, Нұр-Сұлтан станциясы желілік полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы:

- Бір жыл ішінде тиісу фактілері қайталанған жағдайда ол азаматтарға Әкімшілік кодекстың 449-баптың 2-тармағы бойынша мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен 10 АЕК немесе 5 тәулікке қмауға алынады.

Жалпы жыл басынан бері темір жол аумағында 1500-ге жуық заңбұзушылық тіркелген. Оның 20-сы алып-сатарлар болса, 200-ден астамы таксистер. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда азаматтар белгіленбеген жерде темекі шегу, қоғамдық жерді ластау сынды ұсақ бұзақылықтар үшін жаупкершілікке тартылады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы