386,01 428,94 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында өңірге қажетті шөптің 20% ғана дайын

  • 147
  • UPD: 20:35, 30.07.2019

Атырау облысында биыл қуаңшылық. Бұл шаруалар үшін мал азығын дайындауға айтарлықтай қиындық туғызуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мал шаруашылығына қажетті 520 мың тонна пішеннің 20%-і ғана дайындалған. Жайық, Ойыл өзендерінің тасымай қалуы салдарынан жайылымдарға су жетпеді.

Сондай-ақ мамыр-маусым айларында жаңбыр мүлде жауған жоқ. Ал суармалы жердің шабындығындағы шөп құнарсыз. Сол себепті шаруалар өздеріне керекті жем-шөпті көрші облыстардан тасуға мәжбүр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Махамбет ауданына қарасты негізгі шабындық осы - Шодыркөл. Аумағы 900 гектар жерде екі айдан бері шаруалар тынбастан тер төгіп жатыр. Бірақ көлтабанның биылғы түгі құнарсыз. Шабындықты қамыс, майөлең басып барады. Дегенмен, басқа амалы жоқ шаруашылық амалсыздан орақ салуда. Ол да мардымсыз. Күні бүгін 1 мың тоннадай мал азығы дайындалыпты.

Аманжол Есқариев, шаруашылық жетекшісі:

Жалпы біздің шаруашылығымызға 3 мың тоннадай мал азығы керек. Бұл азық деп тұрғанымыз, үш мың тоннадай тек қана күйіске керек.. Мұның сыртында құрама жем керек, әсіресе мына асыл тұқымды малға мұнау жалғыз өзі азық болмайды.

Сиырдың сүті тілінде. Тамағы тоқ болмаса, ірі қарадан өнім күту қиын. Мұндағы сауын фермасында бір мыңға тарта асыл тұқымды сиыр бағылады. Әрқайсысы тәулігіне 20-25 литр сүт беріп келген сиырлардың биылғы өнімі төмен. Күні-түні қолдан азықтандырылатын мал қазір қамыс пен майөлеңге қамалып тұр.

Әлмұрат Қосмағамбетов, тауарлы сүт фермасының маманы:

- Қазіргі дайындап жатқанымыз қамыс. Оның құнарлылығы өте нашар. Сосын арпа, бидайдың барлығын сатып алып, тартып, осы мал азығына қосып беріп жатырмыз.

Атырау облысында мал басы жыл санап артып келеді. Бірақ жем-шөп мәселесі күрделі. Биыл қыстақтарға 520 мың тонна ірі сабақты шөп жиналуы тиіс болатын. Әзірге жиналғаны үштің біріне де жетпейді. Осыған орай жауапты сала мамандары жаңа бағдарлама түзбек.

Аманжол Қабдешов, облыстық АШБ мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі:

- Былтырмен салыстырғанда мал азығын дайындау жаңбырдың жоқтығына байланысты көп қиындықтар келтіріп жатыр. Келесі жылдары мына Жайық, Ойыл бойындағы каналдардан көлтабандарға, жайылмаларға су шығаруды қолға аламыз деп отырмыз.

Бүгінде облыстағы малдың басым бөлігі жекенің меншігінде. Жылда жергілікті шаруашылықтарға еншілес болатын мал иелері биылғы қуаңшылықтың аяғы жұтқа соға ма деп қорқады.

Әміржан Қапанов, жеке шаруа:

Міне, көріп отырсыздар ғой, бұзауға жейтін шөп жоқ. Бір сиыр, екі бұзауым бар үйде. Жүздің үстінде қой бар далада. Білмеймін, оларды қалай асырайтынымызды. Ақыры Оралдан, басқа жақтардан сатып алатын болармыз.

Сырттан тасымалданатын жем-шөптің бағасы қымбат болатыны заңдылық.

Арыстанбек Кенже, тілші:

Шаруашалықтар осылай қолдарынан келгенше шөптерін сатып алып жатыр. Ал жекелер сатып алған жағдайда бағасы өте қымбат. Қазірдің өзінде бір рулон шөптің бағасы 6 мың теңге болса, ертең күн қатайып, қар түскенде ол 9-10 мың теңгеге дейін барады екен.

Ауыл шаруашылығы техникаларына керекті жанар-жағармайдың құны да аспандап тұр. Қазір Атырауда дизель отынының бір тоннасы 210 мың теңге. Оны екінің бірінің қалтасы көтере алмайтыны ақиқат. Алғанның өзінде ол шығын өнімнің өзіндік құнына түседі. Жалпы Атыраудағы ірі шаруашылықтар өнімдерін мұнай компанияларына өткізеді. Бірақ олардан қолдау  жоқ. Шаруалар биылғыдай қуаңшылықта зауыттар мен мұнай өндіруші компаниялар жанар-жағармаймен көмектесуін сұрап отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев  

Хабар 24 телеарнасы