386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жезқазғанда 27 көп қабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр

  • 144
  • UPD: 22:29, 30.07.2019

Қарағанды облысы Жезқазған қаласында 27 көп қабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Мұндағы тұрғындарға жаңа баспана салып, көшіру үшін қыруар қаражат қажет», - дейді жергілікті билік. Әзірге қаладағы бір апатты үй босатылып, пәтер иелеріне өтемақы төленген. Ал өзге үйлердің тұрғындарының тағдыры не болмақ?

Жарылған қабырға, шіріген баспалдақ, су сорғалаған шатыр. Адам шошырлық бұл екі қабатты үйде біреу мекен етеді дегенге сену қиын. Бірақ құлағалы тұрған баспананы паналап отырғандар әлі де бар. Елена Лихачева осыдан он бес жыл бұрын жарылған құбырдың салдарынан үйдің іргетасы жер астына кете бастағанын айтады.

Елена Лихачева, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Осыдан үш төрт жыл бұрын біздің үй апатты деп тізімге алынды. Қарағанды қаласынан арнайы комиссия да келді. Бұл үйдің апатты үйлер бағдарламасына кіргізілгенін айтты. Одан кейін 2016 жылы «көшіреміз, үй кезегіне тұрыңыздар» деді. Кезекпен барлық тұрғындарға баспана беретін болып шешілді. Бірақ жаңа үй салынбаса, біздің кезегіміз қалай жылжиды?!

Қазір қалада 651 көп қабатты тұрғын үй бар. Оның жартысы ескі үйлер. Он бір үй жаңғырту бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізілмек. Ал қалған 16 үйді қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Өткен жылы бір апатты үйді босату үшін тұрғындарға облыстық бюджеттен 270 млн теңге өтемақы берілген.

Нұржан Орынбаев; Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:

- Үйлерді шешу жолдарын кәсіпкерлермен, сондай ақ бюджеттен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағдарламасы арқылы шешеміз деген жоспарлар бар. Жеке кәсіпкерлермен де апатты үйлердің орнына үй салып, апатты тұрғын үйлердің тұрғындарына сол салынған үйден сегіз пәтерден бөлуге жоспарларымыз бар.

Апатты үйлерді паналап жүрген халықтың қашан қоныс аударатыны әзірге белгісіз. Өйткені әкімдік айтып тұрған жаңа үйлердің құрылысы бүгін-ертең бітпейді. Оның үстіне қазіргі таңда Жезқазған қаласында арендалық баспана кезегінде тұрғандардың саны 200-ден асып жығылады екен.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы