386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде науқас балаларға қаржы жинаушы алаяқтар көбейіп кетті

  • 141
  • UPD: 22:32, 30.07.2019

Соңғы кездері елімізде, әсіресе ірі сауда орталықтарының алдында науқас балалардың еміне деп қаржы жинаушылар көбейіп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, ел арасында Аружан Саинның «Мейірімділік» еріктілер қоғамы» қорының атынан ақша жинап жүрген алаяқтар бар екені белгілі болды.

Алуа Маханбет, тілші:

- Александр Хван есімді мына азамат «онкологиялық дертке ұшыраған балалар үшін» деп қаладағы кеңселерді аралап, ақша жинаған. Ол өзін Аружан Саин қорының еріктісімін деп таныстырып келген. Ал, шындығында қор Аружан Саинның аты-жөнімен аталмайтынын ол білмейтін болуы керек.

Аружан Саин, қоғамдық қор жетекшісі, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Осындай алаяқтардан абай болу үшін біз 2006 жылдан бері қайырымдылық ақшаны қолма-қол жинамаймыз. Әрбір балаға банктен арнайы шот ашып, көпшіліктен түсетін қаржыны сонда сақтаймыз. Және әрбір 10 күн сайын жиналған қордың шығыны туралы сайт арқылы есеп беріп келеміз.

Халық көп жиналатын алаңдар мен орталықтардың алдында да қайырымдылық қорабын ұстаған еріктілерді жиі кездестіруге болады.

- Сондай қораптарға ақша салып көрдіңіз бе, көшедегі?

- Иә, бір-екі рет салып көргенмін.

- Құжат сұрадыңыз ба?

- Жоқ. Анау, тақтайшасы бар екен, суреті бар баланың, жазып қойған «ауру балаға жинап жатырмыз» деп. Сосын бергенім бар 1-2 рет.

- Олардың құжаттары қолында болатын болса, болады беруге. Ал егер болмаса, мен сенбеймін ондайларға.

- Мен бірнеше рет олардан құжаттарды, дәлелдейтін сұрағанмын. Маған сол құжаттарды көрсеткен жоқ. Тек қана суреттері бар. Сөйтіп, оларға сенбеймін.

Оралдық әріптестеріміз дәл осылай құжатсыз, тек баланың диагнозы мен суретін көрсетіп, журналисттік зерттеу жүргізіп көрген. Zko.kz сайтының журналисі, «Үміт оты» атты қордың сеніміне кіріп, оларға ерікті болып жұмысқа тұрады. Нәтижесінде халықтан жиналған ақша баланың еміне емес, алаяқтардың қалтасына кетіп жатқаны анықталған.

Азамат, журналист:

- Ол жерде еріктілерге халықтан қалай көмек сұрау керек, қандай сөздер айту керектігіне дейін үйретеді. Сөйтіп, қолыма қайырымдылық қорға арналған қорапты ұстатып жіберді. Мен үш сағатта 9 мың теңгедей ақша таптым. Жиналған қорды кеңсеге әкеліп беріп едім, маған сол соманың 20%-ін айлық ретінде төледі.

Демек, «Үміт оты» қоры ешкімге үміт сыйлап отырған жоқ. Тек осылай алаяқтық жолмен жинаған ақшаны өз пайдасына жұмсап келген. Ал алаяқ-еріктілерге әзірге ешқандай жаза қолданылмаған.

Аружан Саин, қоғамдық қор жетекшісі, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

Біз және балалардың ата-аналары полиция қызметіне хабарласып көрдік. Бірақ қорапта жиналған қаржы қомақты болмаса, бұл қылмыстық іске жатпайды екен. Ал оның кеше, оның алдынғы күні қанша жинағаны белгісіз ғой?! Сондықтан, менің ойымша, құқық қорғау органдары мұндай іс әрекеттерді қайта қарау керек сияқты.

Ескерте кетейік, егер де сіз  шын мәнінде науқас баланың еміне қол ұшын беріп, көмек көрсеткіңіз келсе, міндетті түрде сенім хат пен тиісті құжаттарды талап етіңіз. Ең дұрысы заңды тіркелген арнайы мекемелерге барып көмек көрсетіңіз. Себебі шынымен де сіз бен біздің көмегімізге мұқтаж жандар аз емес.

Авторлары: Алуа Маханбет, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы