386,01 428,94 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде бау-бақша ұжымдары сусыз отыр

  • 150
  • UPD: 20:01, 31.07.2019

Ақтөбеде көкөністері мен жеміс-жидектері қураған тұрғындар кімнен көмек күтерін білмей дал.

Әдетте тамыз соңына таман ортаятын су қоймалары жаз ортасына жете кеуіп қалған.

Борис Омаров, қала тұрғыны:

– 3 апта болды, су жоқ. Ағаштарымыз қурап жатыр. 12 жылдан бері бау-бақша егіп жүрмін. Бірінші рет осындай проблема болып тұр.

Борис Омаров суды күніне бірнеше рет көлігімен тасуға мәжбүр. Бірақ өсімдіктердің жапырақ дайып, өнімді мол беруі үшін мардымсыз. Ал жүк көлігін жалдау – шаш етектен шығын. Себебі әрбір текше метрі бір мың теңгеден. Бақшаны толығымен бір рет суару үшін шамамен 15-16 мың теңге қажет. Оның өзі аптап ыстықта 3-4 күнге ғана қалғажу.

Мұндай жағдай Сазды су қоймасы бойындағы 3 бау-бақша ұжымында қалыптасқан. 300-ге жуық саяжай аптап ыстықта сусыз, абдырап отыр. Көпшілігі еңбектің зая екенін түсініп, біржола тастап та кеткен.

Гатаулла Казиев, бау-бақша ұжымының төрағасы:

– Негізі біздің ұжымда 260 саяжай бар. Бірақ қазір тек 150-ін ғана пайдаланып отыр. Оның өзі толық емес. Тұрғындар әлі жеткенше, жартысын немесе үштен біріне ғана көкөніс пен жеміс отырғызады. Мұндай қуаңшылық келер жылы қайталанса тіптен азайып қалатын жайымыз бар.

Өңірдегі су шаруашылығына жауапты мамандар жағдайды биылғы қыстың қарсыз болғандығымен байланыстырып отыр. Себебі өзен-көлдердің 90 проценті жауын-шашынмен толатын көрінеді.

Асқар Жұмабеков, су ресурстарын пайдалану және реттеу жөніндегі «Жайық-Каспий» бассейн инспекциясының Ақтөбе бөлімінің басшысы:

– Ақтөбе су қоймасында 95 млн куб су, Қарғалы су қоймасында 90 млн куб су болған, Сазды су қоймасында 2,9 куб су болған. Биыл судың аз болғанына байланысты су пайдаланушыларға судың жеткізіп беру мәселесі осындай болып тұр.

Яғни көктемгі су тасқынынан соң облыс орталығы маңындағы су қоймалары тек 38 процентке ғана толды деген сөз. Араға 3 ай салғанда жағасы құрғап, су айдынын жаяу адам кешіп өтердей жағдайға жеткен. Жергілікті билік «Жекенің қолындағы бау-бақшаларға жағдай жасауға қалалық әкімдікте бюджет қарастырылмаған», - дейді. Су деңгейінен қашықта қалған сорғылау станцияларын көшіруге «ҚазСуШар» серіктестігі көмек беруі тиіс көрінеді.

Хасен Юсупов, Ақтөбе қалалық Түкш бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Бау-бақша ұжымдары сусыз отыр деген жайт шындыққа жанаспайды деп есептеймін. Себебі сорғылау станциясын су қойманың оң жағалауынан өзен арнасына көшіруге көмектестік деп «ҚазСуШар» серіктестігі айтқан болатын. Ол жерге әрдайым су жіберіліп отырады. Сондықтан ешқандай қиындықтар туындамауы тиіс.

Шенеуніктердің сөз еткен сорғылау станциясы бәз баяғы қалпында. Ешқайда да көшіріле қоймаған. Жалғыз жаңалығы – тұрғындар қазған жылға ғана. Алайда жағаның алыстап кетуіне байланысты бұл әдіспен де станция түбіндегі құдықты толтыра алмай отыр. Судың қоры күн санап азайып келеді. Бір апта ішінде жағасы шамамен 20 метрге шегінген. Сондықтан бау-бақша иелері тамшылатып суаруды игеру немесе жауын-шашынға ғана иек артуға ғана тура келеді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы