386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жұмыс іздеп жүрсіз бе?

  • 152
  • UPD: 21:08, 31.07.2019

Бас қалада арнайы мамандар жұмыссыз жүргендерді өздері іздеп, табуда.

Дәлірек айтсақ, адам аяғы көп жүретін жерлерде арнайы қолдау пункттері ашылып жатыр. Енді бұрыңғыдай жұмыспен қамту орталығына барып, кезекке тұрудың да қажеті жоқ. Келушілерге бос жұмыс орындары ұсынылады. Немесе, қайта даярлау курсына жолдама береді. Қазір елордада 3700 адам адам жұмыссыз ретінде арнайы жәрдемақы алып отыр.

Еламан жұмыс іздеп келіп отыр. Автослесарь мамандығына оқып, қолына куәлігін алған. Алайда тәжірибесі жоқ жігіттің жұмысқа орналасуы қиын. Елордадағы біраз мекемені аралаған. Туыстарының айтуымен, базар маңындағы қолдау орталығына келді. Мұндағылар мамандығы бойынша жұмыс тауып бермесе де, табыс табудың басқа жолдарын ұсынды.

Еламан Батанов, қала тұрғыны:

– Таныс болмаса жұмыс табу қиын.

– Сіздің таныстарыңыз жоқ?

– таныстар жоқ

– Енді қандай жұмыс ұсынды сізге?

– Есепші, машинист, шәкіртақы береміз дейді.

Айтып отырғаны қайта даярлау курсы. Яғни өз мамандығы бойынша жұмыс таппағандар басқа мамандыққа оқиды. Курсты тәмамдаған соң, Еламан мүлде басқа салаға барады.

Гүлбақша Тұтқышбаева, «Атамекен» қолдау орталығының кеңесшісі:

– Онда шәкіртақы төленетінін айттық. 21 мың теңгеден ай сайын.

– Ол қандай мамандықты таңдады?

– Ол кісі бухгалтер мамандығын таңдады.

– Яғни неше айдан кейін ол кісі бухгалтер болып шығады?

– Осы курсты аяқтағаннан кейін, 1 айдан 6 айға дейін, сосын бухгалтер болып шығады.

– Жұмыс табуға сіздер көмектесесіздер?

– Әрине, көмектесеміз.

«Атамекен» қолдау пункті үлкен сауда орталығының кіреберісінде орналасқан. Шағын дүңгіршікте біраз мәселе шешіледі. Мамандардың сөзінше, күніне 35 адам келеді. Ашылғалы бері 150 адам түрлі мәселемен кіріп шыққан. Көбі жеке кәсібі үшін кредит сұрайды. Қасымжан Орынбаев «Бастау» жобасымен жеңілдетілген несие алғысы келеді.

Қасымжан Орынбаев, қала тұрғыны:

– Бағдарлама туралы теледидардан көргенбіз. Кеңес алуға келдік. Енді, міне арыз жазып жатырмыз, оқуға барамыз.

Жасы алпыстағы азамат кәсіпкерлік негіздері курсын оқуға да дайын. Жалпы, «Бастау» жобасымен берілетін несиенің тиімділігі сол- 20 млн теңгеге дейінгі ақшаны 6 пайыз жеңілдікпен алуға болады. «Атамекен» ашқан пункттерде бағдарламаның тетіктері жан-жақты түсіндіріледі. Бүгінде қала бойынша осындай бірнеше пункт ашылды. Барлығы да халық көп шоғырланған сауда орталықтары мен елді-мекендерде орналасқан.

Дана Отарова, қалалық кәсіпкерлер палатасының үйлестірушісі:

– Келесі жетіде осы жоспар бойынша осы жерде мобилді қолдау орталығы ашылады. Бүгінгі күні 4 қолдау орталығы ашылды, қала бойынша. Келесі жетіде тағы төртеуі ашылады. Осы мобилді қолдау орталықтарының негізгі мақсаты - азаматтарды жұмысқа орналастыру.

Яғни бұрыңғыдай еңбекпен қамту орталығына бармай-ақ, осындай ыңғайлы бекеттерде өтініш қалдыруға болады. Жалпы елорда жұмыссыздар саны бойынша алғашқы орында тұр. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 10 мыңнан астам адам келген. 1438 адам тұрақты жұмыс тапса, 2 мыңға жуық адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Есесіне орталық 7 мың бос жұмыс орынын ұсына алады. Алайда, көбінің жалақысы мардымсыз немесе жұмыс іздеушінің мамандығы сәйкес келмейді. Бас қалада сантехник, электрик, дәнекерлеушілер жетіспейді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ерзат Зайтханов

Хабар 24 телеарнасы