386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда мыңға жуық зейнет жасындағы тұрғын еңбек биржасына тіркелген

  • 155
  • UPD: 21:53, 31.07.2019

Ақтауда бір мыңға жуық зейнет жасындағы тұрғын электронды еңбек биржасында тіркеуде тұр.

Барлығы да қалалық жұмыспен қамту орталығына көмек сұрап барыпты. Орталық мамандары бірінші кезекте қысқа мерзімдік курстарға жолдама береді. Аяқтаған соң олардың тұрақты жұмысқа тұруына жағдай жасайды. Бүгінде 326 адам осы мүмкіндікті пайдаланып, 18 қызмет түрі бойынша табыс көзін тапқан.

Жыл басынан бері қалалық жұмыспен қамту орталығына 9 мыңнан астам адам көмек сұрап хабарласқан. Мамандардың араласуымен төрт мыңға жуығы жұмысқа орналасты. Айталық, ұсынылған бос орындардың 1400-дейі тұрақты, қалғаны уақытша табыс көзі. Соңғысын таңдағандары кәсіпке қайта баулу курсына жіберілді.  

Қытай Құсайынова, қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Бізге келген тұрғындардың арасында егде жастағы азаматтар да бар. Олардың бұрын жасаған саласы сай келген жағдайда дереу бос орындар ұсынылады. Болмаса кәсіпке қайта баулу курстарға жолдама беріледі. Олар 1 немесе 4 ай жүреді. Бүгінде осы курстарды бітіріп шыққан адамдар тігін, кондитерлік тағы басқа да шағын кәсіпорындарға қызметке тұрғызылуда. 

Өкінішке қарай, жұмыссыздардың денін жастар құрайды. Өйткені олар аз жалақы төленетін жұмысқа барғысы келмейді. 25 жастағы Насиба Мамутова – бизнес ашып, өз бетімен табыс табуды қалайтын тұрғынның бірі. Мақсаты – ағылшын және орыс тілі курсын ашу. Жергілікті палатада тегін оқуға болатынын танысынан естіп, құжат тапсырған. Бүгінде өзі секілді қыз-келіншекпен бірге бизнес-жоспар құруды меңгеріп жатыр.

Насиба Мамутова, қала тұрғыны:

– Мен қазір бизнес-жоспарды құрып жатырмын. Құдай қаласа 15 күн барысында қорғап шығамын деген ойдамын. Маған ұнағаны, грант алуға болады екен. Ол грант 500 мың теңгені құрайды. Осы қайтарымсыз ақшамен бизнесті бастап кетемін деген мақсатым бар.

«Жас кәсіпкер» жобасы осы өңірде мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асып келеді. Жауапты мамандар биыл 600 адамның жеке кәсіп бастауына қол ұшын созуды көздеп отыр. Жобаға қатысушыға қойылатын басты талап – жұмыссыз немесе айлық табысы аз мөлшерде болуы қажет.

Аққу Айтжанова, жастарды бизнеске баулу жобасын үйлестіруші:

– Биылғы жылы 18 бен 29 жас аралығындағы 600 адамды екі топқа бөліп оқыту жоспарланған. Бұл дәріс Ақтаудан бөлек облыстағы бес аудан орталықтарында өткізілуде. Екінші топтағылар үшін сабақ 13 тамызда басталады. Жалпы дәріс 15 күн жүреді. Арнайы шақырылған тәлімгерлер жастарға бизнес ашу тетіктерін үйретеді. Курс соңында сертификат беріледі. Осы құжат арқылы қатысушылар қайтарымсыз қаржылау қолдау ала алады.

Бір адамға берілетін қайтарымсыз қаржы көлемі 505 мың теңгені құрайды. «Еңбек» бағдарламасы арқылы осы жылы Маңғыстау өңіріне 200-ге жуық грант бөлінді. Қорыта айтсақ, бұл мүмкіндікке арнайы курстан өтіп, кейін бизнес-жоспарын сәтті қорғап шыққан жас ие болады.   

Авторлары: Талғат Исламұлы, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы